Күш құрылымдары қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдеріне қосымша 95 млрд теңге бөлінеді
2027 жылы күш құрылымдары қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдеріне қосымша 95 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қаражат кімдерге арналған
Тұрғын үй төлемдеріне арналған қаражат бюджет жобасының қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер бағыты бойынша қосымша шығыстар қатарында көрсетілген.
«95 млрд теңге – күш органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдеріне», – дейді баяндама вице-министр.
Алайда қаражаттың нақты қай мемлекеттік органдарға бөлінетіні және қанша қызметкерді қамтитыны айтылмаған. Сондай-ақ бір қызметкерге берілетін төлем мөлшері мен қосымша қаржыға қажеттіліктің себебі түсіндірілмеген. Аталған 95 млрд теңге – тұрғын үй төлемдеріне көзделген қосымша қаражат. Бұл төлемдердің жалпы көлемі баяндамада жеке көрсетілмеген.
Күш құрылымдарына 3,3 трлн теңге қарастырылған
Жалпы, 2027 жылы қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер бағытына 4,9 трлн теңге жұмсау жоспарланған. Оның негізгі бөлігі — 3,3 трлн теңге күштік құрылымдарға тиесілі. Мемлекеттік басқаруға 787 млрд теңге көзделген. Осы бағыттағы қосымша шығыстардың ішінде LRT-ге байланысты Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің санын арттыруға 2,3 млрд теңге қарастырылған. Қанша жаңа штат ашылатыны баяндамада нақтыланбаған.
Вице-министрдің айтуынша, бюджет жобасын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардың ұсыныстары қайта қаралып, басым міндеттер іріктелген. Бастапқыда 2027 жылға 36,9 трлн теңге көлемінде шығыс ұсынылса, пысықтау қорытындысында 30,2 трлн теңге қолдау тапқан.