2027 жылы Қазақстан Халық кеңесін құруға республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Халық кеңесіне арналған қаржы
Халық кеңесін құруға жұмсалатын қаражат бюджет жобасының қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтерге қатысты бөлігінде көрсетілген. Вице-министр осы бағыттағы қосымша шығыстарды таныстыру кезінде кеңеске көзделген соманы атады.
«1,7 млрд теңге – Қазақстан Халық Кеңесін құруға көзделген», – делінген баяндамада.
Алайда бұл қаражаттың нақты қандай шығындарға жұмсалатыны баяндамада тарқатылмаған. Кеңестің жұмысын ұйымдастыруға, қызметкерлеріне немесе материалдық-техникалық жабдықтауға қанша қаржы қарастырылғаны жөнінде жеке мәлімет берілмеген. Аталған сома әзірге бюджет жобасында көзделіп отыр.
Мемлекеттік басқаруға қанша қаражат көзделген
Жалпы, 2027 жылы қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер бағытына 4,9 трлн теңге жұмсау жоспарланған. Соның ішінде күштік құрылымдарға 3,3 трлн теңге, ал мемлекеттік басқаруға 787 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Үкімет резервін 370 млрд теңге, Президенттің бастамаларына арналған резервті 470 млрд теңге көлемінде қалыптастыру көзделген.
Вице-министрдің айтуынша, бюджет жобасын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар ұсынған шығыстар қайта қаралған. Бастапқыда олар 2027 жылға 36,9 трлн теңге сұратқан. Пысықтау қорытындысында 30,2 трлн теңге көлеміндегі шығыс қолдау тапқан.
Осылайша, бастапқыда ұсынылған шығыстардың шамамен 6,7 трлн теңгесі бюджет жобасына енгізілмеген. Баяндамада ресурстардың шектеулі болуына байланысты қаражатты басым міндеттерге бағыттау қажеттігі айтылған.