Жезқазғанға жаңа әкім тағайындалды

Мұрат Бөрібаев Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Сәтбаев қаласын басқарған, деп хабарлайды Tizgin.kz Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жезқазғанның жаңа басшысы кім
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласының активіне жаңа әкім Мұрат Бөрібаевты таныстырды.
Мұрат Ерболатұлы Бөрібаев 1991 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін және Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
«Металлургия», «Экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бакалавр, мемлекеттік менеджмент магистрі дәрежелері бар.
Еңбек жолын өндірісте бастаған
Мұрат Бөрібаев еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясының «Қарағандытүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты «Нұрқазған» байыту фабрикасында үшінші разрядты флотатор болып бастаған.
2011–2012 жылдары осы фабрикада іс жүргізуші, кейін бақылау цехының шебері болып жұмыс істеген. Ал 2012–2013 жылдары фабриканың бас корпусындағы цехты басқарған.
2013–2014 жылдары «Шығыстүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты Орлов кенішінің байыту фабрикасында бас инженер болған. 2014–2015 жылдары Жезқазғандағы №1, 2, 3 байыту фабрикасының №2 бас корпусында цех бастығы қызметін атқарған.
2015–2017 жылдары «Нұрқазған» байыту фабрикасының директоры, 2017–2024 жылдары «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты №1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикасының директоры болған.
Жезқазған әкімі болып тағайындалғанға дейін Сәтбаев қаласының әкімі қызметін атқарған.