
АҚШ конгресінде Ресейге қарсы санкцияларды күшейту шеңберінде Қазақстанды 100%-ға дейін кедендік баж салығы салынуы мүмкін елдер қатарына қосу ұсынылды. Алайда аталған түзетуді өкілдер палатасының талқылауына шығару бастамасы комитетте қолдау таппаған. БАҚ-та “тозаққа тең санкциялар” деп аталып кеткен құжатта не жазылғанын және оның Қазақстан үшін қандай салдары барын Tizgin.kz талдап көрді.
Қазақстан тізімге қалай енді
Әңгіме “H.R. 5334” құжатына енгізілген, Ресей мен Иранға санкция салуды көздейтін сенат түзетулері туралы болып отыр. Регламент комитетінің сайтында бұл құжат «Линдси О. Грэм атындағы Ресей мен Иранға санкциялар туралы 2026 жылғы акт» деп көрсетілген.
Конгрес мүшелері Стени Хойер мен Марси Каптур жобаға қосымша түзету ұсынған. Онда 100%-ға дейін баж қолданылуы мүмкін бастапқы елдер қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Үндістан, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Словакия, Біріккен Араб Әмірліктері және Сингапур аталады. Ұсыныс Ресейден мұнай немесе газ сатып алу, сондай-ақ санкцияларды айналып өтуге көмектесу мәселесіне қатысты айтылған.
Бірақ бұл тізімді қабылданған шешім деуге болмайды. Комитеттің №412 дауыс беру қорытындысына сәйкес, Хойердің түзетуін палатада қарауға рұқсат беру туралы ұсынысты үш адам қолдап, жеті адам қарсы болған. Яғни Қазақстанды арнайы атаған түзету осы кезеңде талқылауға жіберілмеген. Сонымен бірге екінші деңгейлі баждар туралы бөлімді жобадан алып тастауды ұсынған Грегори Микстің түзетуін қарауға шығару бастамасы да дәл осындай нәтижемен өтпеген. Демек, елдерді жеке-жеке атау ұсынысының өтпеуі негізгі жобадағы баж тетігі де алынып тасталды дегенді білдірмейді.
15 қыркүйекте өкілдер палатасы 214 дауыспен қарау тәртібін бекітті. Құжатқа 211 депутат қарсы болды. Бұл 0 рәсімдік шешім. Оны Қазақстан тауарларына баж енгізу туралы дауыс беру деп көрсету қате.
100% баж қандай жағдайда енгізілуі мүмкін
Сенат нұсқасының 113-бабы Ресейден шикі мұнай немесе табиғи газ сатып алатын, не Ресей мұнайына қатысты санкцияларды айналып өтуге көмектесетін белгілі бір елдерден АҚШ-қа әкелінетін тауарларға 100%-ға дейін баж қарастырады. Бірінші өлшем бойынша ел заң қабылданар алдындағы 12 айда ресейлік мұнайдың немесе газдың көлемі жөнінен ең ірі бес импорттаушының қатарында болуы әрі заң қабылданғаннан кейінгі 30 күннен бастап жаңа сатып алуларды саналы түрде жалғастыруы керек. Екінші өлшем – алдыңғы 12 айда Ресей мұнайына қатысты санкцияларды айналып өтуге көмектескен негізгі бес елдің қатарына кіру.
Баж өзге кедендік төлемдерге қосымша қолданылады деген болжам айыталды. Газға қатысты ерекшелік те бар: белгілі бір елдің сатып алған көлемі Ресейдің жылдық газ экспортының 15%-ына жетпесе және ол импортты азайтуға елеулі қадам жасаса, ол баждан босату тетігі қарастырылған. Бұған қоса, 115-бап президентке АҚШ-тың ұлттық мүддесін негіздеп, Конгреске құжат ұсыну арқылы бажды қолданбауға мүмкіндік береді.
Сонымен, қандай қауіп бар
Осы талаптардан шығатын қорытынды мынадай: Ресеймен сауда жасау фактісінің өзі Қазақстанға автоматты түрде 100% баж салынады деген сөз емес. Қазақстанның нақты өлшемдерге сай келетіні анықталуы қажет. Хойер ұсынған тізімде ел атауының болуы мұндай қорытындының ресми түрде жасалғанын дәлелдемейді.
Экономикалық тұрғыдан ықтимал қауіп түсінікті. Егер қосымша баж Қазақстан тауарларына қолданылса, олардың АҚШ нарығына кіру құны өседі. Шартты мысалмен айтқанда, кедендік құны 100 доллар тауарға 100% қосымша баж есептелсе, баждың өзі тағы 100 доллар болады. Бұл – тасымал мен басқа шығындарды қоспағандағы есеп.