Ресей шекарасында 160 жүк көлігі тұрып қалды: министрлік не дейді
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен шарада Қазақстандық кәсіпкерлердің Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінде кезекке тұрып қалуы және одан туындайтын шығын мәселесі көтерілді. «Жайсан» бекетінде 160-қа жуық жүк көлігі жиналғанына қатысты Tizgin.kz тілшісі Сауда және интеграция министрлігінің вице-министрінен нақты шаралар қабылданған-қабылданбағанын сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Ол қашан болған жағдай?»
«Жайсан» бекетінде Ресейге өте алмай, шамамен 160 жүк көлігі жиналған. Ресей жағындағы жөндеу 4 қыркүйекте басталса, кәсіпкерлердің шекарада тұрып қалуын болдырмау үшін Сауда министрлігі осы уақыт ішінде қандай нақты шара қабылдады? Ресей тарапымен жүк ағынын алдын ала үйлестіруге не кедергі болды?» деген Tizgin.kz тілшісінің сұрағына қатысты жағдайдан Сауда және интеграция вице-министрі хабарсыз болып шықты.
«Жайсан» кеден бекетінде дедіңіз бе? Ол қашан болған жағдай? Осы жерде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының» Бас директоры отыр. Біз дәл осындай жағдайларға арналған жедел желі жариялаған болатынбыз. Біздегі экспорттаушылар сондай жерде кедергілерге кездесіп жатса немесе шегарада осындай жағдай болып жатса бізге хабарласуы үшін жедел жері іске қосылды. Бұл сұрақты Көлік министрлігіне қойған дұрыс. Оның себебін анықтап алу керек», – дейді Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Ахметбекұлы Әбілдабеков.
«Шығынның өтелуі қарастырылмаған»
Ол осындай кезектердің, форм-мажорлардың салдарынан отандық тасымалдаушылар мен экспорттаушылар шеккен шығын өтелмейтіні туралы айтты.
«Біздің министрлік тарапынан ондай шығынның өтелуі қарастырылмаған. Көлік министрлігіне, шегарашыларға және басқа да құзырлы органдарға хабарласып, себептерді анықтау керек», – дейді ол.
Еске салсақ, Мемлекеттік кірістер комитеті Ақтөбе облысындағы «Жайсан» автокөлік өткізу пунктінде Ресей Федерациясы бағытында келе жатқан 160-қа жуық жүк көлігі жиналғанын мәлімдеген болатын. Жағдай Ресейдің «Сагарчин» өткізу пунктінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты.