$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Экс-депутат Геннадий Шиповских қызметке тағайындалды

Бұрынғы мәжіліс және сенат депутаты Геннадий Шиповских «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жұмысқа оралғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шиповских еңбек жолын темір жол саласында бастағанын айтып, араға бірнеше жыл салып бұрынғы ұжымына қайта қосылғанын жеткізді.

«Еңбек жолым осы темір жолдан басталған еді. Енді міне, араға біраз жыл салып, қайтадан осы үлкен ұжымның қатарындамын. Алдағы уақытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мүддесін білдіріп, жаңа міндеттерге кірісетін боламын», – деп жазды ол.

Экс-депутат жаңа қызметіндегі міндеттеріне кірісетінін айтқанымен, нақты қандай лауазымға тағайындалғанын көрсетпеді.

Теміржолшыдан депутатқа дейін

Геннадий Шиповских 1989 жылғы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Сексеуіл кентінде дүниеге келген. 2010 жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №5 кәсіптік лицейді «Машинист көмекшісі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2010 жылы Қызылорда локомотив депосында жылжымалы құрамды жөндейтін слесарь болып бастаған. 2013–2016 жылдары Қызылорда локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі қызметін атқарған. Кейін Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжін, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын және «Тұран» университетін бітірген.

Шиповских 2016–2023 жылдары VI және VII шақырылымдағы мәжіліс депутаты болды. Алғаш рет 2016 жылғы наурызда депутаттық мандат алып, 2021 жылы мәжіліске қайта сайланған. 2023 жылғы 24 қаңтардан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін сенат депутаты қызметін атқарған. Жоғарғы палатада Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған.

Back to top button