$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Құрылтай жанындағы Қоғамдық палата құрамына 50 депутат кіреді

Құрылтай отырысында депутат Айдос Сарым Қоғамдық палата қалай жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Отырысқа тағы кімдер тартылуы мүмкін

Оның айтуынша, жаңа алаң депутаттар мен сарапшылар, ғалымдар, азаматтық қоғам және кәсіби бірлестіктер өкілдерінің тұрақты пікір алмасуына мүмкіндік береді.

«50 адамнан тұратын Құрылтай жанындағы Қоғамдық палатаны құру ұсынылады. Оның құрамына барлық саяси партия фракциясынан Құрылтай депутаттары, азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдар өкілдері, сондай-ақ түрлі сала маманы кіреді», – деді депутат.

Қажет болса, Палата отырыстарына ғалымдар, салалық мамандар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де тартылмақ.

Мұндай тәсілдің тиімділігі неде

Айдос Сарым Қоғамдық палатаның негізгі міндеттерінің бірі заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық баға беру болатынын атап өтті.

«Бұл жұмысты заң жобасы әзірленген бастапқы кезеңде, яғни «нөлдік оқылымда» жүргізу маңызды. Осы кезеңде құжаттың негізгі ережелерін талқылап, қажетті түзетулер мен толықтырулар енгізуге болады», – деді ол.

Депутат пікірінше, мұндай тәсіл заңнамалық бастамаларды талқылау кезінде кәсіби ұсыныстар мен балама пікірлерді ескеруге мүмкіндік береді.

Back to top button