$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2ЖаңалықтарПікір

«Тілдің мәртебесі емес, ережесі талқыланып жатыр» – Тіл белсендісі

Қазақ тіліндегі бір сөздің жазылуына қатысты пікірталас әлеуметтік желі мен ақпарат кеңістігінде қызу талқыланып жатыр. Бұл жолы қоғам назарында «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқалары тұр. Бір қарағанда, мәселе орфография мен тіл нормасына қатысты кәсіби талқылау сияқты көрінеді. Ал тіл белсендісі Жалғас Ертай бұл даудың қоғамдағы қазақ тілінің мәртебесі, мемлекеттік басқару жүйесіндегі қолданысы және биліктің тіл саясатына қатысты кеңірек мәселелерді көлеңкеде қалдыруы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тіл белсендісі Жалғас Ертай әлеуметтік желіде қыркүйек/қыргүйек дайына қатысты пікір жазды.

«Бұл дау басқа даудан өзгерек»

«Қоғам тағы бір сөздің жазылуы жайлы дау бастады. Айта кететіні, бұл – алғашқы да, соңғы да дау емес. Бұдан алдын рақмет/рахмет, станция/станса және басқа да нұсқалары болған. Қалыпты процесс дейік, бір сөзге ғалымдар мен көпшіліктің көзқарасы екі түрлі болып шықты. Қоғамдағы алуан түрлі пікірдің арпалысы дейік, бірақ бұл дау басқа даудан өзгерек болып шықты.

Талқылауға елдің бас тұлғалары араласа бастады. Вице-президент пікір білдіріп, жаңа сөздік шығару керек екенін айтты. Енді медиа кеңістік жаппай шулап жатыр. Неге сала мамандары ғана талқылауы тиіс тақырып мемлекеттік деңгейге шығып кетті? Талдап көрейік», – дейді Жалғас Ертай.

«Билік тілдің мәртебесі тақырыбын ығыстырып қойды»

Оның пікірінше, билік тілдің мәртебесі тақырыбын ығыстырып қойып, оны салалық мәселеге айналдырмақ, яғни техникалық сұрақ қылып қана қоймақ.

«Тілдің ережесін реттеу, оны жаппай талқыға шығару мен тілдің биліктегі мәртебесін арттырудың арасындағы айырмашылық өте үлкен. Тіл мәретебесін арттыру мәселесін қозғағанда шенеуніктерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу, заңдарды мемлекеттік тілде жазу, ішкі құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі шығады. Жауапкершілік артады, бюрократия артық жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал тіл ережесін талқылау – оңай. Оны сала мамандарына жүктеп қояды – бітті, сондықтан биліктің осындай мазмұндағы талқылау ұсынуы – тіл мәртебесі тақырыбын ығыстыру», – дейді ол.

«Вице-министрдің ой айтуы тіл мәртебесін шешпейді»

Тіл белсендісінің айтуынша, вице-президенттің қыркүйек/қыргүйек жайлы ой айтуы, сөздік жаңартуға ұсыныс білдіруі тақырыпты ішінен сезетін адамның образын қалыптастырады, бірақ ол тіл проблемасын, тіл мәртебесін шешпейді.

«Мемлекетке, бюрократияға, шенеуніктерге ешқандай жауапкершілік артпайды. Мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуге міндеттемейді. Заңдарды тек мемлекеттік тілде жазуға шақырмайды. Тек сала мамандары деңгейінде талқылауға түрткі болады.

Былайша айтқанда, билік вице-президенттің сөзі арқылы бізге төмендегідей конструкцияны ұсынып отыр: қазақ тілінің ережесін қуана-қуана талқылаймыз, тіпті сөздік шығару жайлы шешімдерді оңай қабылдаймыз, бірақ оның құқықтық мәртебесі, бюрократиядағы орны мен шенеуніктерге қойылатын тіл талаптары тақырыбын қозғамаймыз, ол тақырып табу дейді. Қазіргі статус-кво –осы және билік қазіргі статус-квоны сақтау жолында әркелкі манипуляцияға жүгініп жүр. Вице-президенттің бастамалары соның нышаны. Мысалы, ережені ғана талқылайық деп тіл проблемасын деполитизация жасауға тырысуы; тіл мәселесін терең түсінетін адамның образын қалыптастырып символдық саяси қолдау білдіруі; тіл тақырыбының ақпараттық кеңістіктегі талқылануын «шектеу» арқылы қоғамдық пікірді басқаруға тырысу және осылай кете береді», – дейді Жалғас Ертай.

«Қазақ тілін аударма тілінен жұмыс тіліне айналуын талап ету керек»

Оның айтуынша, қыркүйек/қыргүйектің және басқа да сөздердің қалай жазылуы маңызды, оны талқылау пайдалы, бірақ ол талқылау биліктің пропагандалық манипуляциясына түскен уақытта тіл проблемасының негізгі шешімін жоғалтып аламыз.

«Ал қазіргі тіл проблемасы – оның саяси мәртебесінде, бюрократияда қолданылуында, заңдардың жазылуында, шенеуніктерге қойылатын талаптарда дер едім. Қазақ тілін аударма тілінен, негізгі жұмыс тіліне айналуын талап етуіміз керек. Ал негізгі жұмыс тіліне айналған соң да, оған дейін де грамматика, орфография мәселесі талқылана береді. Ол үздіксіз процесс, ал тілдің биліктегі мәртебесі константаға айналуы тиіс. Қазір тіпті де олай емес», – дейді ол.

Еске салсақ, бұған дейін тіл белсендісі қазақша дубляж мәселесіне назар аударып, қазақ дубляжының иесі жоқ екенін айтқан болатын. оның айтуынша, қазіргі ең негізгі мәселе – қазақша дубляждың аудиториясын өсіруге жауапты ешкім жоқ.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button