Экономикасы өрлеген өңірлер ішінде Түркістан облысы көш бастады
Биылғы қаңтар-тамыз айларында қысқа мерзімді экономикалық индикаторға зер салсақ, ел экономикасында өсім байқалады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Түркістан көш бастады
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, сегіз айдағы индикатор 104,9%-ды көрсетті. Ел экономикасының өсіміне негізінен құрылыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ сауда салалары үлес қосқан. Құрылыс секторына тоқталсақ, мұнда нақты көлем индексі 115,6%-ға жетті. Көлік және қоймалау саласында көрсеткіш 107,3%, ал саудада 106%.
Өнеркәсіптегі өсім салыстырмалы түрде төмендеп, 102,8%-ды құрады. Байланыс саласының нақты көлем индексі 104,4%, ауыл шаруашылығында 105,2% болды.
Өңірлер арасындағы экономикалық өсім де әралуан. Айталық, қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіш бойынша ең жоғары нәтиже Түркістан облысында тіркеліп, 121,9%-ды құрады. Одан кейін Шымкент қаласы – 117,6%, Алматы облысы – 115%-ды көрсетті.
Көрсеткіші төмендеген төрт облыс
Сонымен қатар төрт өңірде қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген.
Батыс Қазақстан облысында көрсеткіш 93,9%, Атырау облысында 95%, Шығыс Қазақстан облысында 97,4%, ал Ақмола облысында 99,4% деңгейінде қалыптасты.
Осылайша, сегіз айдағы статистика ел экономикасындағы өсім негізінен құрылыс, көлік және сауда салалары есебінен қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен бірге өңірлер мен жекелеген секторлардағы экономикалық белсенділік қарқыны әркелкі болған.