$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-1Пікір

Құрылтайдағы жаңа регламенттен соң депутаттар халық мәселесін билікке қалай жеткізеді

Құрылтайда ұсынылған жаңа регламент жобасы бойынша, «Премьер-министр Үкіметтің атқарған жұмысы мен қабылдаған маңызды шешімдері туралы Құрылтайға баяндама жасаған соң депутаттардың премьерге сұрақ қоюына, талқылауына болмайды». Яғни, депутаттар оған сұрақ қоя алмайды. Мұндай жағдайда депутаттар елдің мұң-мұқтажын билікке қалай жеткізгелі отыр? Осы сұрақты Tizgin.kz тілшісі депутаттар Екатерина Смолякова, Ажар Сағындықова мен Елдос Баялышбаевке қойды.

«Енді депутаттар Премьер-министрге сұрақ қоя алмады. Мұнымен депутаттардың құқығы шектеліп жатқан жоқ па? Сонда қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын қалай жеткізбексіздер?», – деген Tizgin.kz тілшісінің сұрағына депутаттар жауап берді.

«Тәртіптің аты – тәртіп»

Депутат Екатерина Смолякова бекітілген тәртіпке бағынатынын айтты.

«Бұл – бекітілген тәртіп. Біз жаңадан Конституция қабылдадық. Бұл –Құрылтайдың бірінші шақырылымы, жаңадан құрылып жатыр. Жүйеміз жаңарып жатыр, яғни қазір жұмыс істеу тәртібіміз, регламентіміз, жұмыс істеу форматымыздың барлығы жаңадан жазылып, бекітілді. Бекітілген тәртіпке бағынып, соған сәйкес жұмыс істейтін боламыз. Тәртіптің аты – тәртіп. Жалпы Үкіметке, Үкімет мүшелеріне, мемлекетттік органдарға сұрақ қою, депутаттық сауал жолдау, халықтың мұң-мұқтажын жіберудің түрлі тәсілдері бар. Бекітілген регламентке сәйкес әр органға қатысты қандай форматтар бар – соны қолданамыз», – дейді депутат Екатерина Смолякова.

«Үкіметке жазбаша түрде сауал жолдаймыз»

Депутат Ажар Сағындықова бұл формат көңілінен шығатынын айтты.

«Біз ашық сұрақ қоя алмасақ та Үкіметке жазбаша түрде сауал қоя аламыз. Депутаттық сауалдарымызға осылайша жауап ала аламыз. Бұл формат көңілімнен шығады, регламент бойынша неге рұқсат етілді – сол бойынша жұмыс істейміз», – дейді депутат Ажар Сағындықова.

«Тағдырластарымның мәселелерін көтерем»

«Біз сұрағысызды депутаттың сауал арқылы жеткіземіз. Басқалар үшін жауап бере алмаймын, бірақ өзімнің тағдырластарым – мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтеруге тырысам», – дейді депутат Елдос Баялышбаев.

Еске салсақ, бұған дейін Құрылтайда журналистер енді депутаттарға еркін сұрақ қоя алмайтынын жаздық.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button