Заңгер Шекеев Кенесары ханға тіл тигізген қырғыз студенттерінің үстінен арыз түсірді
Мейірман Шекеев әр адам өз сөзіне жауап беруі керек деп мәлімдеді
Белгілі заңгер Мейірман Шекеев Кенесары ханға тіл тигізген қырғыз студенттерінің үстінен арыз түсірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Заңгер не дейді
Мейірман Шекеев жеке парақшасында қырғыз ағайындарға қандай да бір өшпенділікпен емес, тарихта өзара сыйластыққа сай жазба жариялап отырғанын мәлімдеді.
“Видеода олар қазақтың тарихы мен қазақтың соңғы ханы Кенесары ханға қатысты аса ауыр сөздер айтты. Сөздері қазақ қоғамының ашуын туғызып, желіні дүр сілкіндірді. Кенесары Қасымұлы қазақтың тарихи жадында ерекше орын алатын, қазақ мемлекеттілігі тарихында аса маңызды тұлға. Сондықтан оның атын айтылған әрбір сөз – қоғамның алаңдаушылығын туғызатыны анық”, – дейді ол.
Заңгер аталған сөздердің құқықтық тұрғыда қандай екенін және құқықтық, этникалық араздықты қоздыру белгілері бар-жоқтығын тиісті құзырлы органдар сараптама арқылы анықтауы керек деп санайды. Осы жазбасына Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровты да белгілеген.
“Біздің мақсатымыз – екі елдің арасына іріткі салу емес. Керісінше, әр халықтың тарихында ұлттық құндылықтарға және тарихи тұлғаларына өзара құрметпен қарау керек. Жекелеген тұлғалардың әрекетіне өздері жауап беруі тиіс. Екі елдің достығына көлеңке түсірмеуі қажет. Бұл оқиғаны көпшілікке сабақ қылу мақсатында мен Қазақстан азаматы ретінде ҚР қылмыстық кодекстің 174-бабымен аталған азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғау бойынша арыз жолдадым. Себебі әркім өз сөзіне жауап беруі керек”, – дейді Мейірман Шекеев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дау неден басталды
Бұған дейін Бішкектен Астанаға алмасу бағдарламасымен келген студенттердің онлайн эфирінен үзінді әлеуметтік желіде тараған. Онда қыздар Қырғызстанда «Кенесары ханның бас сүйегінен шарап ішетіні» туралы сөз айтқан.
Эфирге қатысқан өзге адамдар бұл сөздерді бірден сынап, видеоны Қырғызстан елшілігіне жіберетінін жеткізген.
Үзінді тарағаннан кейін Қазақстан мен Қырғызстанның әлеуметтік желі қолданушылары студенттердің сөзін айыптады. Кейін студенттердің кешірім сұраған видеосы тарады.