Астанада пәтерден ерлі-зайыптының мәйіті табылды
Астанадағы пәтерлердің бірінен 53 жастағы әйел мен оның 55 жастағы күйеуінің мәйіті табылды. Полицияның алдын ала мәліметінше, ер адам жанжал кезінде жұбайын өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Полиция оқиға туралы не айтты
Астана қалалық полиция департаменті адам өлтіру және өзіне қол жұмсау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция мәліметінше, жанжал кезінде 55 жастағы ер адам 53 жастағы жұбайына пышақ жарақатын салған. Артынша өзіне қол жұмсаған. Ерлі-зайыптының екеуі де алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Қазір полиция қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
«Қазір болған оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полиция.
Ведомство тергеуге қатысты қосымша мәлімет ұсынған жоқ.