Біз бақытты әрі жасампаз ұлтпыз – Берік Әбдіғалиұлы
Қазақ халқы тарихтың ауыр кезеңдерінен өтіп, ұлт ретінде өзін сақтап қалды. Өз туы, жері мен мемлекеті бар елдің өзгенің алдында қуыстануына себеп жоқ, деп есептейді “Жасамназ ұлт” бағдарламасында пікір білдірген Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы.
«Біз ешкімнен кем емеспіз»
Берік Әбдіғалиұлы Қазақстанның көрші елдермен де, өзге мемлекеттермен де терезесі тең екенін атап өтті. Оның пікірінше, қазақтың өзін өзгеден төмен санауына негіз жоқ.
«Біз ешкімнен кем емеспіз. Көршілерімізбен де, басқа мемлекеттермен де тереземіз тең. Өзімізден ұялып, өзгеден қуыстанып жүретіндей ештеңе жоқ», – деді ол.
Тарихтың ауыр кезеңдерінен өтіп, ұлтты сақтап қалдық
Ұлттық музей директоры қазақ халқының өткенінде қайғылы кезеңдер болғанын айтты. Алайда сол қиындықтардан өтіп, ұлт ретінде сақталып қалудың маңызына назар аударды.
«Тарихта қайғыға толы кезеңдерді бастан өткергеніміз рас. Өйткені біз содан өттік, өзімізді, ұлтымызды сақтап қалдық. Ал жоқ болып кеткен қаншама ұлт бар. Қазір өзінің туы, жері, мемлекеті жоқ халықтар да бар. Сондықтан біз – бақытты әрі жасампаз ұлтпыз», – деді Берік Әбдіғалиұлы.