$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Геосаясат

Қытай АҚШ-ты ғарышты соғыс алаңына айналдырмауға шақырды

Ғарыштағы қарулану жарысы: Бейжің Вашингтонға ескерту жасады

АҚШ орбитада қорғанысқа да, шабуылға да қолдануға болатын әскери құралдары барын ресми растады. Осыдан кейін Қытай Вашингтонды ғарыштағы әскери әлеуетін арттыруды және соғысқа дайындықты тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы DW басылымына сілтеме жасап.

Қытай ғарышты соғыс алаңына айналдыруға қарсы

Қытай сыртқы істер министрлігі 15 қыркүйекте ғарышты милитаризациялауға, оны соғыс алаңына айналдыруға және ғарыштағы қарулану жарысына қарсы мәлімдеме жасады.

«Біз Америка тарапын ғарыштағы әскери әлеуетін арттыруды және соғысқа дайындықты тоқтатуға шақырамыз», – деді ведомствоның ресми өкілі Го Цзякунь брифингте.

Бейжіңнің бұл мәлімдемесіне АҚШ-тың орбитадағы әскери мүмкіндіктері туралы хабарламасы себеп болды. Бір күн бұрын АҚШ Әскери-әуе күштерінің министрі Трой Мейнк елдің ғарыш кеңістігін бақылауға арналған, орбитада орналасқан құралдары барын айтқан. Оның сөзінше, АҚШ Ғарыш күштерінің қарамағындағы бұл құралдар біріккен әскери топты қарсыластың әрекетінен қорғауға қабілетті. Алайда министр қарудың нақты түрлері мен техникалық сипаттамаларын ашып айтпады.

АҚШ тарапы ғарыш кеңістігін бақылауға арналған мүмкіндіктердің қорғаныс үшін де, шабуыл жасау үшін де қолданылатынын жеткізді. Мәлімдемеде кинетикалық және кинетикалық емес құралдар пайдаланылатыны да көрсетілген.

Вашингтон Қытай мен Ресейден қауіп көреді

АҚШ Ғарыш күштерінің мәлімдемесінде Қытай мен Ресейге жеке тоқталған.

Вашингтонның бағалауынша, Қытай қарулы күштерін жаңғырту стратегиясы аясында ғарышта әрекет етуге және қарсыластың ғарыштағы мүмкіндіктеріне қарсы тұруға арналған жүйелерді әзірлеп, пайдаланып келеді. Ал Ресей ғарышты әскери қимылдар жүретін кеңістік ретінде қарастырады. АҚШ тарапының мәлімдеуінше, Мәскеу болашақ қақтығыстарда ғарыштағы үстемдік шешуші рөл атқарады деп есептейді.

АҚШ ғарыш күштері 2019 жылы Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде қарулы күштердің жеке түрі ретінде құрылған. Бұл шешім Ресей мен Қытай тарапынан болуы ықтимал қауіппен байланыстырылған. Ғарыштағы бәсеке тек қару орналастырумен шектелмейді. Спутниктердің жүйесін бұзу, байланысына кедергі келтіру және оларды істен шығару мүмкіндіктерінің де маңызы артып келеді. Өйткені спутниктер әскери байланыс, бақылау және навигация үшін қажет.

DW келтірген мәліметке сәйкес, Ресей Украинаның әскері пайдаланатын Starlink спутниктеріне қарсы қару әзірлеуі мүмкін деген күдікке ілінген. AFP агенттігі Ресеймен қатар АҚШ, Қытай және Үндістан да қарсыластың спутниктеріне соққы беру мүмкіндіктерін зерттеп жатқанын жазады.

Back to top button