Қазақстанда бұдан былай компаниялардан түсетін қоңыраулар таңбаланады
Келер жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік органдар, банктер мен қызмет көрсететін компаниялардан түсетін ресми қоңыраулар міндетті таңбаланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрлік әзірлеп жатқан қағида
Ресми деректі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков бөлісті. Сөзінше, тиісті заңнамалық түзетулер қабылданып, бір бөлігі күшіне енген. Қазір министрлік байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын әзірлеп жатқан көрінеді.
«Онда аталған жүйенің қалай жұмыс істейтіні және кейбір техникалық тұсы айқындалады», – деді төраға.
Өтініш не үшін шегерілді
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мұның алдында таңбалауды биыл қыркүйек-қазан айларында енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Дегенмен қазір байланыс операторларының өтінішіне сәйкес мерзім кейінге шегерілді.
Дамир Сейсембеков операторлар таңбалауды 2027 жылдың бірінші тоқсанында енгізу туралы өтініш білдіргенін алға тартты.
«Қазір осы жағын қарастырып жатырмыз. Қазан айының ортасына дейін министр бұйрығына қол қойылып, мерзімдері көрсетіліп қалар», – деді ол.
Қалай таңбаланады
Қоңырауларды міндетті таңбалау арқылы тұрғындар өздеріне кім хабарласып отырғанын көре алады. Яғни, абонент оған банк, медициналық ұйым, дүкен немесе басқа да бизнес өкілі хабарласып тұрғанын көруге мүмкіндік алады.
Мамандар мұндай әдіс қазақстандықтарға алаяқтардың нөмірлерін ажыратуға мүмкіндік береді деп отыр.