«Ұмай» ипотекасының шарттары жеңілдей ме – «Отбасы банк» жауабы
«Ұмай» ипотекасы бойынша 30 млн. теңгеге үй алған адам шамамен 22 млн. теңге артық төлем жасайды. Осыған қатысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен шарада «Отбасы банкінің» өкілі жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Ұмай» бағдарламасы қаншалықты қолжетімді
Баспасөз конференциясында Tizgin.kz тілшісі:
«Krisha сарапшыларының есебінше, «Ұмай» бағдарламасымен 30 млн теңгелік пәтерді 10 жылға алғанда, шамамен үстінен 22,1 млн. теңге артық төлеу керек. Осындай шығыны бар ипотеканы әйелдер үшін қаншалықты қолжетімді деуге бола ма? Осы бағдарламаның шарты жеңілдемей ме?», – деген сұрақ қойды.
«Ұмай» ипотекасына сұраныс өте жоғары
Бұл сұраққа «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Матай Жансұлтан Орынбекұлы бұл сұраққа жауап берді.
«Бәріміз нарықтық экономикада өмір сүріп отырмыз. Не нәрсе болсын сұраныс пен ұсыныстан туындайды. Бұл ипотеканың шарттары әйелдерге қолайсыз, ыңғайсыз болса – бұл бағдарламаға сұраныс болмас еді. «Ұмай» бағдарламасы бойынша 9 млрд. теңге бір күннің ішінде игеріліп кетті. Сұраныстың бар екенін көріп, Азия даму банкінен қосымша қаражат сұрап жатырмыз. Бұл – аталған бағдарламаға сұраныс өте жоғары екенін көрсетеді. Болашақта бұл бағдарламаның шарттарына қатысты ешқандай өзгеріс енгізілмейді», – дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін «Ұмай» ипотекасы қайта іске қосылатынын, бұл бағдарлама бойынша баспана алғысы келетін әйелдерге қандай талаптар қойылатыны туралы жаздық.