Hyundai Қазақстандағы өндірісті локализациялауды тереңдетуге ниетті
Президент Hyundai Motor Group басшылығымен кездесті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group корпорациясының президенті, стратегия және жоспарлау жөніндегі бөлім жетекшісі Сунг Кимді қабылдады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кездесуде инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда жаңа ауқымды жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Кездесуге корей тарапынан Hyundai Motor Group құрамына кіретін Hyundai Engineering және Kia автоконцерндерінің өкілдері қатысты.
Қазақстандағы автокөлік өндірісін дамыту
Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group корпорациясының Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Президент өндірісті локализациялауды одан әрі тереңдету, автобөлшектер өндірісін ұлғайту және экспорттық әлеуетті күшейту маңызды екенін айтты. Бұл бағытта Алматыдағы Hyundai және Қостанайдағы Kia зауыттарына ерекше мән беріліп отыр.
Қазақстанды өңірлік автокөлік орталығына айналдыру
Мемлекет басшысы Қазақстанды автомобиль өндірісі мен экспорты бойынша ірі өңірлік орталыққа айналдыру міндеті қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, өндірістің толық циклін дамытуға басымдық берілетінін айтты.
Электромобиль өндірісіне басымдық беріледі
Кездесуде электр көлігі саласын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент электромобиль өндірісін жолға қоюмен қатар, оның қосалқы бөлшектерін шығару және қуаттау инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап өтті.
Hyundai Қазақстандағы жобаларын кеңейтпек
Сунг Ким Hyundai мен Kia жобаларына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Hyundai Motor Group жетекшісінің айтуынша, Қазақстан компания үшін тек өткізу нарығы ғана емес, сонымен қатар ТМД елдеріне бағытталған маңызды өңірлік орталық болып саналады.
Ол корпорацияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге және өндірісті локализациялау деңгейін арттыруға ниетті екенін растады.
Hyundai Engineering және Kia жоспарлары
Сонымен қатар Hyundai Engineering басшылығы мұнай-газ, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді. Ал Kia өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға үлес қосуға ниетті екенін мәлімдеді.