ГеосаясатЕрекшеЖаңалықтар

Трамп пен Путиннің кездесуі қарсаңында Аляскада жүздеген адам митингке шықты

АҚШ пен Ресей президенттерінің қатысуымен өтетін саммит қарсаңында Анкоридж қаласында Украинаға қолдау білдіріп, Владимир Путиннің келуіне қарсы митинг өтті, деп хабарлайды BBC. Оған бірнеше жүз адам қатысты.

Митинг ұйымдастырушысы, Stand UP Alaska қоғамдық ұйымының басшысы Эрин Джексон-Хилл президент Путинді «соғыс қылмыскері» деп атап, оған «АҚШ жерінде орын жоқ» екенін айтты.

«Біз авторитарлық диктаторларды штатымызға шақыруға қарсымыз, әсіресе оны біздің губернаторымыз немесе Конгресстегі өкілдеріміз емес, басқа біреу жасаса қарсымыз», — деді ол.

Жұма күні Анкориджде тағы бір қарсылық митингі өтеді деп жоспарланған. Anchorage Daily News мәліметінше, Аляскада Украинадан келген шамамен мың босқын тұрады.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы жоғары деңгейдегі кездесу Еуропа уақытымен кешке өтеді. Жұма күні таңертең Путин саммитке барар жолда Магаданға келді. Жұмыс сапары аясында ол балық майын өңдейтін зауытқа барып, қаланы дамыту жөнінде кеңес өткізеді, деп хабарлайды ТАСС.

Ресей делегациясының бір бөлігі ресейлік журналистермен бірге бейсенбі кешінде (Еуропа уақытымен) Анкориджге жетті. «Коммерсантъ» дерегінше, журналистер қонақүй орындарының жоқтығына байланысты Alaska Airlines Center стадионына орналастырылған. Басылым тілшісінің айтуынша, кейбір БАҚ қызметкерлеріне АҚШ визасы берілмеген, олардың есімдері жарияланбады.

Back to top button