$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Тергеу

Тендерден табыс тапқысы келген ақтөбеліктер 100 млн теңгеге алданды (Видео)

Тендерге ақша салған тұрғындар салымдарын қайтара алмай жүр

Ақтөбеде “тендер мектебінде” оқыған тұрғындар мемлекеттік тапсырыстарға қаржы салып, ақшаларын қайтара алмай жүргенін айтады. Олардың сөзінше, жалпы шығын 100 млн теңгеден асады. Полиция жеті тұрғынның арызы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алдымен оқытып, кейін ақша салуды ұсынған

Тұрғындардың айтуынша, оларға әуелі мемлекеттік тапсырысты қалай ұтып, одан табыс табуға болатынын үйреткен. Кейін мектептің өзге оқушыларына инвестиция салуды ұсынып, оның орнына сыйақы төлеуге уәде берген.

«Бастапқы шарт – біз міндетті түрде оқушы болуымыз керек. Тек оқушылар ғана инвестиция сала алады. Мұның бәрін Instagram-да көрсетеді, оның аудиториясы өте үлкен. Осылай ақша табуға болатынын түсіндіреді: ақша бересің, өзің ештеңе істемейсің. Басқа оқушы жұмыс істейді, ал сен үстінен сыйақы аласың», – дейді Айман Шуриева.

Оларға ұсынылған тәсіл бойынша, жаңадан оқыған адам тендерді ұтып алады, бірақ тапсырысты орындауға қаражаты жетпейді. Сол кезде инвестор қажетті тауарды өз ақшасына сатып алып береді. Есесіне бірнеше ай бойы сыйақы алуға тиіс болған. Осы уәдеге сенген тұрғындар қомақты қаржы бергенін айтады. Алайда олардың сөзінше, уәде етілген табыс та түспеген, салған ақшалары да қайтарылмаған.

Жеті адам арызданған, күдікті үйқамақта отыр

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қаланың жеті тұрғыны 33 жастағы жергілікті азаматқа қатысты шара қолдануды сұрап, арыз берген.

«Ол инвестициялық қызметті жүзеге асыруды сылтау етіп, алдау жолымен олардың ақшасын иемденген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады полиция.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. КТК мәліметінше, күдікті үйқамақта отыр.

Жәбірленушілер бұл бұлтартпау шарасымен келіспейді. Олар ер адамның ақша тартуды жалғастыруы және іске қатысушыларға ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан күдіктіні тергеу изоляторына қамауды талап етіп отыр.

Back to top button