$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

«Мобайл Телеком-Сервис» Kcell-ден сот арқылы 27,2 млрд теңге даулап отыр

«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС Kcell компаниясынан 27,2 млрд теңгеге жуық айыппұл өндіріп алу үшін сотқа жүгінген. Kcell өз кезегінде қарсы тараптан 3,1 млрд теңгеден астам қаражат талап еткен. Бұл туралы «Қазақтелекомның» 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған қаржылық есебіне сілтеме жасап, Tizgin.kz хабарлайды.

Ортақ желі туралы келісімнен дау шыққан

Қаржылық есепке сәйкес, Kcell мен «Мобайл Телеком-Сервис» 2022 жылы байланыс желісін бірлесіп пайдалану туралы MOCN шартын жасасқан. Тараптар жаңа базалық станциялар салуға және қолданыстағы желіні жаңғыртуға келіскен. Шартта міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұл санкциялары қарастырылған. Алайда 2023-2024 жылдары компаниялар арасында келіспеушіліктер туындаған. Дау міндеттемелерді орындау мерзімдерінің кешігуіне, жекелеген өңірлерде желіні бірлесіп пайдаланудан шығу туралы хабарламаларға, өтемақы мен айыппұл талаптарына қатысты болған.

2025 жылғы 23 маусымда тараптар қосымша келісімге қол қойған. Соның аясында шарттан шығу туралы хабарламаларын өзара кері қайтарып, өтемақы талаптарын жойған және шарттың қолданысын толық қалпына келтірген. Бірақ айыппұлға қатысты дау шешілмеген.

2026 жылғы 12 ақпанда «Мобайл Телеком-Сервис» Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берген. Компания Kcell-ден 27 млрд 175,5 млн теңге айыппұл, сондай-ақ 86,5 млн теңге мемлекеттік баж өндіріп алуды сұраған. Сот 18 ақпанда талапты іс жүргізуге қабылдаған.

Ал 20 наурызда Kcell қарсы талап арыз түсірген. Ол «Мобайл Телеком-Сервистен» 3 млрд 142,4 млн Теңге айыппұл және 86,5 млн Теңге мемлекеттік баж өндіріп алуды талап еткен. 27 наурызда сот қарсы талапты қабылдап, екі істі бір өндіріске біріктірген.

Іс қайта қарауға жіберілген

23 сәуірде сот «Мобайл Телеком-Сервистің» талап арызын қараусыз қалдырған. Бұған дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталмауы негіз болған. Компания бұл ұйғарымға шағым түсірген. 18 маусымда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы ұйғарымның күшін жойып, істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтарған.

2 шілдеде іс Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына берілген. Қаржылық есеп бекітілген кезде істі мәні бойынша қарау күні әлі белгіленбеген. Яғни құжатта көрсетілген сомалар – тараптардың талаптары. Есепте оларды өндіріп алу туралы сот шешімі келтірілмеген. «Қазақтелеком» тобының басшылығы даудың нәтижесін осы кезеңде сенімді бағалау мүмкін емес екенін көрсеткен. Сонымен бірге MOCN шарты бойынша бұрын қалыптастырылған резервтер ықтимал төлемдерді өтеуге жеткілікті деп есептейді. Осыған байланысты 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша аталған талаптарға қосымша резерв құрылмаған.

Back to top button