Газ тапаншасынан оқ атқан Астана тұрғыны 5 жылға сотталды
Астана тұрғыны түнгі уақытта адамдар арасында болған жанжал барысында газ тапаншасынан әуеге екі рет оқ атқан. Сонымен қатар, ол жанжалға қатысушылардың біреуіне оқ атқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жәбірленуші қашып үлгерген
Астана қаласының прокуратурасының мәліметінше, жәбірленуші дер кезінде қашып кеткен. Соның арқасында оқ тиіп, жарақат алудан аман қалған.
Сотта кінәсі дәлелденді
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен қала тұрғыны кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.
Қоғамдық тәртіпті күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы, сондай-ақ қару не өзге де заттарды пайдаланып өрескел бұзғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қарастырылған.