Қазақ ғалымдары зімбір мен балдан жасалған сусын ойлап тапты
Ғалымдар жаңа технологияның практикалық маңызы отандық балды тағам өнеркәсібінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік беретінін айтып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ерекшелігі неде
Ресми ақпаратты Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері бөлісті. Жаңа өнімді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы құрамындағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жасап шығарды.
Жобаның ерекшелігі сол, елде функционалды сусын өндірісінде бал мен зімбірдің мұндай үйлесімі бұрын қолданылмапты. Ғалымдар екі өнімді біріктіріп, бастапқы шикізаттың барлық пайдалы қасиетін барынша сақтауға мүмкіндік беретін өңдеу технологиясын әзірледі.
Бұл сусындар құрамындағы антиоксиданттардың жоғары мөлшерімен ерекшеленеді. Технологияны әзірлеу барысында бал мен зімбірдің биологиялық белсенді компоненттерін сақтауға ерекше баса мән берілді. Бұл пайдалы қасиеттері айқын функционалды өнім алуға мүмкіндік береді, – делінген орталық ақпаратында.
Жаңа технологияның мүмкіндігі
Ғалымдар жаңа технологияның практикалық маңызы отандық балды тағам өнеркәсібінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік беретінін айтып отыр. Елде бал өндіру көлемі айтарлықтай болғанымен, оны функционалды сусындарды өнеркәсіптік өндіруде пайдалану әлі белең ала қоймады.
Жаңа технология омарташылық өнімдерін өңдеудің қосымша бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әзірлемеге Қазақстан Республикасының пайдалы модельге патенті алынған. Сондай-ақ алкогольсіз және құрамында спирті аз фитосусындарды өнеркәсіптік жолмен өндіруге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.