ЕрекшеЖаңалықтар

«Алмазды ойнатқан балаларды іздейміз»: Баласы ауыр дертке шалдыққан отбасы көпшіліктен көмек сұрады

Алматыда бес жыл бұрын болған қысқа ғана кездейсоқ кездесу кішкентай Алмаздың өмірінде өшпес із қалдырды. Сол кезде ортезбен жүрген, жүгіре алмайтын 3 жастағы балаға ауладағы екі-үш бала қолынан ұстап, ойыншық пистолеттерін беріп, бірге ойнауға шақырған. Абай облысында тұратын бала бүгінде ауыр дертпен күресіп жатыр. Енді оның ең үлкен арманы – сол мейірімді балаларды тауып, олармен қайта кездесіп, бірге ойнау, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өмірді өзгерткен 20 минут

«Алматы және бүкі минутл Қазақстан тұрғындары, осы балаларды табуға көмектесіңіздер! Видеоны соңына дейін көріңіздер. Сонда бір ғана әрекеттің адамның өмірін қалай өзгерте алатынын көресіздер. Осы кадрларда 5 жыл бұрынғы менің ұлым – Алмаз. Ол кезде аяғына ортез киетін, тіпті жүгіре алмайтын кішкентай бала еді. Біз Ташкенттегі ауыр емнен кейін Алматыға жолай келген болатынбыз. Ауладағы осы қарапайым балалар еш артық сұрақ қоймастан, оның қолынан ұстап, өздерінің ойыншық пистолеттерін беріп, 3 жастағы балаға өзіне деген сенім сыйлады. Сол қысқа ғана сәт – 20 минут бәрін өзгертті. Осыдан кейінгі 5 жыл бойы Алмазик табандылықпен еңбектенді. Диагноздарға қарамастан, ол ортезсіз жүруді үйренді, жүгіре бастады және Абай облысының чемпионы атанды!» – деп жазылған әлеуметтік желідегі хабарламада.

Алмаздың ата-анасының жазуынша, ол өзінің өзгелермен тең бола алатынын дәлелдеді. Алмаз сол аулаға қайта барып, әлгі балалармен бірге жүгіріп ойнауды қатты армандаған.

Мейірімді балаларға іздеу салынады

«Қазір біздің отбасымызға тағы бір ауыр, қорқынышты сынақ келді. Кішкентай чемпион қайтадан өмір үшін күресіп жатыр. Ол тістерін қайрап, батылдықпен ауруға қарсы тұруда. Ал аурухана төсегінде оған күш беріп тұрған ең үлкен арманы – осы дертті жеңіп, Алматы арқылы қайта өтіп, сол балалармен тағы да баяғы ойынды ойнау. Осы алтын жүректі балалардың ата-аналары, егер ұлдарыңызды танысаңыздар, сіздерге басымды иемін. Ал, балалар, егер осы видеоны көріп отырсаңыздар – сол кездегі мейірімділіктеріңіз үшін мың алғыс! Өтінемін, осы жазбаны репост жасаңыздар! Бізге сол балаларды табуға көмектесіңіздер», – деп жазылған хабарламада.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button