$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

«Сарбаз жолы»: Батыс Қазақстаннан 20 жас азамат абыройлы борышын өтеуге аттанды

Орал қаласындағы Жеңіс алаңында 20 жасты әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Айтулы шара Абай облысынан бастау алған «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында жүзеге асырылды. Оған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихат тобының өкілдері, әскери қызметшілер мен ардагерлер, жастар және ата-аналар қатысты, деп хабарлайды БҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі айбынды әскер мемлекеттің берік қорғаны екенін айтып, абыройлы борышын өтеуге аттанып бара жатқан бозбалаларға сәттілік тіледі.

Фото: БҚО әкімдігі

“Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қорғаныс қабілетін күшейту жөніндегі тапсырмасы өңірде де жүйелі орындалып жатыр. Отан қорғау – еліміздің қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір әскери борышын адал өтеп жатқан азаматтардың ғана емес, барша қазақстандықтың қастерлі борышы. Бұл тұжырым халық болып қабылдаған жаңа Конституциямызда да айқын көрініс тапты”, – деді Нариман Төреғалиев.

ҚР Қорғаныс министрлігі департаменті бастығының орынбасары Амангелді Тоғысов әскери тәртіп, әлеуметтік кепілдік және мерзімді әскери қызметшілерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.

Фото: БҚО әкімдігі

Салтанатты шарада әскерге аттанғалы тұрған жігіттерге аға буын ақ батасын берді. Болашақ сарбаздарға жаңа Конституция жинағы тапсырылды.

Фото: БҚО әкімдігі

Бозбалалар ендігі кезекте Ұлттық Ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде бір жыл қызметте болады.

Фото: БҚО әкімдігі

Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйек айынан басталды. Науқан барысында 600-ден астам жасты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланған.

Фото: БҚО әкімдігі
Back to top button