
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мансабында алғаш рет US Open турнирінің чемпионы атанды. Ол Нью-Йоркте өткен финалда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Рыбакина финалда Соболенконы жеңді
Шешуші кездесуде қазақстандық теннисші үш сетке созылған тартысты матчта қарсыласынан басым түсті. Ойын 2 сағат 23 минутқа созылып, Рыбакинаның 6:4, 5:7, 6:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Кездесу барысында Елена 12 рет эйс жасап, бес рет қосарланған қателікке жол берді. Сонымен қатар ол 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана алды.
Бұл Рыбакинаның US Open турниріндегі алғашқы финалы болды. Ал Арина Соболенко Нью-Йорктегі жарыстың финалына төртінші рет шықты. Беларусь теннисшісі шешуші кездесуге турнирдің қатарынан екі дүркін чемпионы ретінде келген еді.
Рыбакина осы жеңісінен кейін рекордтық 5,5 млн долдар сыйақы алды.
Рыбакинаның Grand Slam-дегі үшінші жеңісі
US Open-дегі чемпиондық атақ Елена Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші жеңісі болды. Қазақстандық спортшы 2022 жылы Уимблдонды жеңіп алса, 2026 жылдың басында Australian Open турнирінде топ жарған.
Осылайша Рыбакина төрт Grand Slam жарысының үшеуінде чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Тоқаевтың құттықтауы
Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны теннистен АҚШ Ашық чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.
“Бұл – Сіздің әлемнің бірінші ракеткасы атағына лайық екеніңізді растайтын тамаша табыс. Сіз тағы да асқан шеберлік пен табандылық танытып, жоғары мәдениетіңізбен көпшілікті тәнті еттіңіз. Қазақстан халқы жетістіктеріңізді мақтан тұтады. Ерен жеңісіңіз жаңа белестерді бағындыруға жол ашсын! Сіздің кәсібилігіңіз Қазақстанның жас теннисшілері үшін үлгі-өнеге, – делінген құттықтауда.
Бұл жеңістің тағы бір тарихи маңызы бар. Бұған дейін Елена Рыбакина WTA рейтингінде алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанған еді. Ол live-рейтингте Арина Соболенконы басып озып, көш бастады. Рейтингтегі ресми өзгеріс 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Рыбакина — Қазақстан тарихында әйелдер мен ерлер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілген алғашқы теннисші.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Булат Өтемұратов спортшыны тарихи жеңісімен құттықтап, оның жетістігі ел теннисі үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Елена Рыбакинаның US Open-дегі жеңісі Қазақстан спортының тарихындағы айтулы жетістіктердің біріне айналды. Бұған дейін оның Уимблдон мен Australian Open-дегі чемпиондықтары қазақстандық теннис үшін жаңа дәуірдің басталуын көрсетсе, Нью-Йорктегі жеңісі Рыбакинаның әлемдік теннистегі көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.