TOP-2Жаңалықтар

Тегеурінді әрі батыл көшбасшысыз – Трамп Тоқаевқа хат жолдап, Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтады

Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл: Трамп қазақ халқына ізгі тілегін жеткізді

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау хат жолдады. Ол екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалап, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Трамп хатында не дейді

АҚШ президенті Қазақстан басшысына алдағы мерейтойға орай ізгі тілегін жеткізді. Хатта Астанада және елдің түкпір-түкпірінде миллиондаған қазақстандықтың бай мәдениетін, тарихи мұрасы мен елінің қайталанбас сұлулығын мақтанышпен ұлықтайтыны айтылған. Трамп осы құндылықтардың республика 1991 жылы Тәуелсіздігін жариялағаннан бері сақталып, толыға түскенін атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстанмен арадағы серіктестікке және Тоқаевпен қалыптасқан қарым-қатынасына тоқталды.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жылы лебізімді қабыл алыңыз!

Миллиондаған қазақстандық Астанада және елдің түкпір-түкпірінде 1991 жылы республика Тәуелсіздігі жарияланғаннан бері көздің қарашығындай сақтап, еселей түскен бай мәдениетін, тарихи мұрасын және қайталанбас келбетін ерекше мақтанышпен паш етеді.

Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін.

Қазақстан халқының бағына орай, Сіз сияқты тегеурінді әрі батыл көшбасшысы бар. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе” – деп жазды АҚШ президенті.

Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл

2026 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялағанына 35 жыл толады. 1991 жылы дәл осы күні Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Бұл құжат елдің тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесін бекітіп, дербес дамуының құқықтық негізін қалады.

Оған дейін, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған еді. Декларация егемендікке бастайтын маңызды қадам болса, 1991 жылғы Конституциялық заң Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін заң жүзінде бекітті. Бұл екі құжат елдің тәуелсіз мемлекеттілігінің қалыптасуындағы негізгі тарихи белестер саналады.

Back to top button