Қазақстанда мемлекеттік қызмет алу уақытын екі есе қысқарту жоспарланып отыр
eGov GPT арқылы 51 мемлекеттік қызмет қолжетімді болды
Қазақстанда 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын алуға кететін орташа уақытты кемінде 50%-ға қысқарту жоспарланған. Осы мерзімге дейін мемлекеттік қызметтердің кемінде 40%-ын жасанды интеллект пен автоматтандыру арқылы жаңарту көзделіп отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмалар аясында жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойған.
eGov GPT арқылы қандай қызметтер қолжетімді
Үкіметтің мәліметінше, Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы цифрлық форматта қолжетімді. Ел электрондық үкіметтің әлемдік рейтингінде 24-орында тұр.
Қазір eGov GPT арқылы сұранысы жоғары 51 мемлекеттік қызметті алуға болады. Азаматтардан түсетін өтініштердің шамамен 30%-ы осы қызметтерге тиесілі. Жыл соңына дейін eGov GPT қамтитын қызметтердің өтініштердегі үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар Ұлттық жасанды интеллект платформасы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Ол есептеу қуаттарын, деректерді, әзірлеу құралдары мен дайын модельдерді біріктіреді. ЖИ ассистенттері қазірдің өзінде 2 млн-нан астам рет қолданылған. Әзірленіп жатқан ЖИ агенттерінің саны 50-ден асады.
Мемлекеттік цифрлық жүйелерді бірыңғай QazTech платформасына көшіру де жалғасып жатыр. Биыл оған 39 жүйені ауыстыру көзделген, оның 10-ы жаңа платформада жұмыс істеп тұр. Президент Жарлығымен QazTech-тен тыс жаңа жүйелер құруға мораторий енгізілген.
2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясы мемлекеттік қызмет көрсетуді ғана емес, өнеркәсіп, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды цифрландыруды қамтиды. Азаматтар үшін қызметтерді өтініш күтпей, проактивті түрде ұсыну, денсаулық туралы мәліметтерді бірыңғай цифрлық бейінге біріктіру және білім беруде жеке қажеттіліктерге бейімделген цифрлық мүмкіндіктерді дамыту көзделген.
Мемлекеттік қызметшілердің күнделікті операциялық жұмысының 30%-ға дейінгі бөлігін ЖИ көмегімен автоматтандыру жоспарланып отыр.
Ауылдарға интернет жеткізіліп, ЖИ мамандары даярланады
Цифрлық қызметтерді кеңейту үшін байланыс инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. Алдағы екі жылда үш мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарланған. Оптикалық байланысы бар ауылдық елді мекендердің үлесін 43%-дан 92%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Ақтаудан Қорғасқа дейін тартылатын шамамен 4,5 мың шақырымдық магистральды талшықты-оптикалық байланыс желісінің 2,5 мың шақырымнан астамы салынған. Құрылысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтап, желіні пайдалануға беру жоспарланған. Оның өткізу қабілеті секундына 12 терабиттен асуға тиіс.
Қолжетімділігі қиын аумақтарда Starlink және OneWeb спутниктік сервистері ұсынылады. Келесі кезеңде ұялы телефонды спутникке тікелей қосуға мүмкіндік беретін Direct to Cell технологиясын енгізу көзделген.
Жасанды интеллектіні дамытуға арналған ірі жобалардың бірі — қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы». Үкіметтің хабарлауынша, жобаға қатысты 500 МВт-тан астам әлеуетті сұраныс қалыптасқан, ал Firebird компаниясымен 10 млрд доллар көлемінде келісімге қол жеткізілген.
Кадр даярлау бағытында да бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Қыркүйекте халықаралық серіктестердің қатысуымен жасанды интеллект университеті ашылған. Қазақстандағы 200 мың мұғалімге оқу барысында ЖИ құралдарын қолдану үшін ChatGPT Edu жүйесіне қол жеткізу мүмкіндігі берілген.
Мемлекеттік қызметшілер де арнайы бағдарламалар бойынша оқытылуда. Атап айтқанда, 15 мыңға жуық қызметкер Ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеу бойынша күндізгі оқудан, тағы 57 мыңы AI Qyzmet бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен. Әкімдіктердің 24 мыңнан астам қызметкері онлайн оқытылған.
IT саласында қызметтер экспортын кемінде екі есе арттыру, 20 мыңға жуық жоғары технологиялық жұмыс орнын ашу және нарықтық бағасы 1 млрд доллардан асатын кемінде үш отандық технологиялық компания қалыптастыру міндеті қойылған.