Қазақстанда биыл қазан айынан бастап бірінші санаттағы төлем ұйымдарына лицензия беріле бастайды. Олар шот ашып, карта шығарып, ақша аударымдарын жүргізе алады. Алайда несие беруге және депозит қабылдауға құқығы болмайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай ұйымдар іс жүзінде төлем банктері ретінде жұмыс істейді.
Төлем банктері қандай қызмет көрсетеді
Жаңа санаттағы төлем ұйымдарына шот ашу, төлем карталарын шығару және ақша аудару қызметтерін ұсынуға мүмкіндік беріледі. Олар заңды тұлғаларға да қызмет көрсете алады. Бұдан бөлек, мұндай ұйымдар электрондық ақша шығарып, бірыңғай QR жүйесіне және ұлттық төлем жүйелеріне қосыла алады. Сондай-ақ халықаралық төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Дегенмен олардың қызмет аясы шектеулі болады: төлем банктері несие бермейді және депозит қабылдамайды.
Лицензия алуға 13 компания қызығушылық танытқан
Бинұр Жаленовтің айтуынша, бірінші санаттағы төлем ұйымының лицензиясын алуға қазірдің өзінде 13 компания қызығушылық білдірген. Олардың қатарында ірі криптокомпаниялар мен телекоммуникация операторлары бар. Атап айтқанда, Binance криптобиржасы да жаңа мүмкіндікке қызығушылық танытқан.
Бірінші санаттағы төлем ұйымдарына лицензия беру биыл қазан айында басталмақ.