$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстан «Евровидение-2027» байқауына қатыса алмайды: себеп неде

Қазақстан әзірге «Евровидение-2027» ән байқауына қатыса алмайды. Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) «Хабар» агенттігінің ұйымға толыққанды мүше болу талаптарына сай келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Politico басылымына сілтеме жасап.

«Хабар» неліктен толыққанды мүше бола алмайды

«Хабар» агенттігі 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі саналады. Бұған дейін агенттік ұйымға толыққанды мүше болуға және «Еуровидение-2027» байқауына қатысуға өтініш берген. Алайда EBU түсіндірмесіне сәйкес, Қазақстан Еуропалық хабар тарату аймағына кірмейді. Сонымен қатар еліміз Еуропа кеңесіне мүше емес әрі осы ұйым жанындағы ресми бақылаушы мәртебесіне де ие емес. Осыған байланысты «Хабар» қазір толыққанды мүшелікке қойылатын талаптарға сай келмейді.

Агенттік EBU-дың қауымдастырылған мүшесі болып қала береді. Одақ өкілдері «Хабармен» көп жылдан бері ынтымақтасып келе жатқанын атап өткен. Дегенмен қауымдастырылған мүшелік ересектер арасындағы «Еуровидениеге» қатысу құқығын автоматты түрде бермейді. Қазақстан бұған дейін балалар «Еуровидениесіне» бес рет – 2018–2022 жылдар аралығында қатысқан. Ел өкілдері екі рет екінші орын иеленді.

Австралия мен Канадаға қандай мүмкіндік берілген

«Еуровидениеге» қатысу тек географиялық орналасуға байланысты емес. Мәселен, Австралия 2015 жылдан бері байқауға арнайы шақыртумен қатысып келеді. Ал маусым айында EBU мүшелік ережелерін өзгерткеннен кейін Канаданың CBC/Radio-Canada хабар тарату корпорациясы ұйымның толыққанды мүшесі атанды. Канада Еуропа кеңесі жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие. Сонымен бірге оның хабар тарату корпорациясы EBU-дың қоғамдық хабар таратушыларға қоятын талаптарына сай келеді. Канада «Еуровидениеге» алғаш рет 2027 жылы қатысады.

«Еуровидение-2027» Болгарияның Бургас қаласында өтеді. Жартылай финалдар 11 және 13 мамырға, ал финал 15 мамырға жоспарланған.

Back to top button