Асанәлі Әшімовтің бейітіне ескерткіш орнатылды
Алматыдағы “Кеңсай” зиратында қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов бейітіне орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Авторы кім
Ескерткіш авторы – мүсінші Гүлфия Мендеш. Ол мұның алдында да бірегей өнер иесінің көзі тірісінде бірнеше бюст-ескерткішін жасаған.
Асанәлі Әшімұлы Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған.
Ол қазақ киносының дамуына сүбелі үлес қосты. Өнер иесі “Атаманның ақыры” картинасындағы Шадияров, “Қыз Жібек” фильміндегі Бекежан, “Сарқырамадағы” Мәмбет, “Транссібір экспресіндегі” Қасымханов және “Бұлғар даласынан ескен жылы жел” фильміндегі Шыңғыс хан секілді кейіпкерлерді сомдады.
Кино мен әдебиетте алған жүлдесі
“Атаманның ақыры” фильміндегі Шадияров рөлі үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ал “Транссібір экспресіндегі” Қасымханов бейнесін сомдағаны үшін бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесін алды.
Асанәлі Әшімов шығармашылықпен қатар әдебиетке де үлес қосқан. “Жан бөлек”, “Менің жанрым – күнделік”, “Ғұмыр-дария” атты кітаптардың авторы.