«ӨзенМұнайГаз» Жаңаөзендегі ауруханаға бөлген қаражат жымқырылды
Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары аурухана қаржысына қатысты іске ілікті

Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында күйік бөлімшесін ашуға бөлінген демеушілік қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Іс бойынша қалалық аурухана басшылығының өкілі, қоғамдық қордың жетекшісі, әкімнің бұрынғы орынбасары және өнім беруші күдікке ілінген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сегіз түрлі жабдықтың орнына екі кереует сатып алынған
2025 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету жөнінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына өтініш жасаған. Жобаны іске асыруға 223 млн теңге бөлініп, қаражатты «ӨзенМұнайГаз» компаниясы «Жарылқау» қоғамдық қорына аударған. Бастапқы жоспар бойынша медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алу және мамандарды оқыту көзделген.
Алайда кейін жобаның шарттары өзгертілген. Бөлімшені кешенді түрде жабдықтаудың орнына «Жарылқау» қоғамдық қоры, қалалық аурухана және «AKBS Invest» компаниясы күйікке шалдыққан науқастарға арналған екі арнайы кереует сатып алу туралы үшжақты келісім жасасқан. Шарттың жалпы құны 210 млн теңгені құраған. ҚМА дерегінше, сатып алу заң талаптарын айналып өту арқылы жүргізілген. Өйткені мұндай құндағы медициналық техниканы қолданыстағы заңнамаға сәйкес Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу қажет.
Қаражаттың бір бөлігіне елордадан пәтер алынған
Тергеу нұсқасы бойынша, жабдықты сатып алуға іс жүзінде 92 млн теңге ғана жұмсалған. Қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген. Заңсыз іске қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім берушінің қатысы бар деген күдікке ілінген.
«AKBS Invest» компаниясының өкілі қылмыстық жолмен алынған қаражатқа елордадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген. Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталды.
Қазірг үш күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде үш пәтерге, екі тұрғын үй мен автокөлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.