Шалқардағы жаппай төбелесте 17 жастағы оқушы көз жұмған: сотқа студент тартылды
Ақтөбеде 17 жастағы оқушыны өлтірді деп айыпталған студенттің ісі қаралып жатыр
Ақтөбеде жаппай төбелес кезінде 17 жастағы мектеп оқушысын пышақтап өлтірді деп айыпталған студенттің соты өтіп жатыр. Сотталушы марқұмның туыстарынан кешірім сұрағанымен, кісі өлтіру пиғылы болмағанын айтып, тағылған айыпты толық мойындамады, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Прокуратура: айыпталушы Шалқарға пышақ алып келген
Қайғылы оқиға 2026 жылы 19 наурызда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, екі топтың арасындағы жанжал жаппай төбелеске ұласқан. Оқиға орнына барған 17 жастағы Әлихан Жәнібеков жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, бірнеше минуттан кейін көз жұмған. Марқұм сол жылы 11-сыныпты аяқтап, жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген. Баласынан айырылған отбасы алты айға жуық уақыттан бері істің әділ қаралуын күтіп отыр.
Сот алдында Шалқар қаласының 18 жастағы тұрғыны, бірінші курс студенті жауап беріп жатыр. Айыптау тарапының мәліметінше, ол жүргізуші куәлігі болмаса да, анасының көлігін рұқсатсыз алып, достарымен бірге қаланың екінші шетіне барған. Іс материалдарында оның өзімен бірге аңшылық пышақ алып жүргені көрсетілген. Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Гүлзира Көшербаеваның айтуынша, айыпталушы жанжал бола қалған жағдайда оған қатысушыларға пышақпен дене жарақатын салуды алдын ала көздеген.
«Жанжал туындаған жағдайда Е. оған қатысушыларға пышақ қолданып, дене жарақатын салмақ болған. Осы мақсатпен және жеке бас араздығын басшылыққа ала отырып, қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін Орал қаласынан Шалқарға келген», – деді прокурордың көмекшісі.
Марқұмның туыстары да болған жағдай кездейсоқ емес деп есептейді. Олардың сөзінше, айыпталушы мен оның жанындағы жастар Әлихан тұрған ауданға әдейі келіп, жергілікті оқушыларды видеоға түсірген. Кейін үлкен балалар кездесуге келмесе, мектеп оқушыларын жазалайтынын айтып, бейнежазбаны жіберген.
«Әлихан солай оқиға орнына барды. Оның жүрегіне пышақ сұқты. Ол бес-он минуттан кейін қайтыс болды», – деді марқұмның туысы Ағила Әлиманова.
Айыпталушы пышақты қорғану үшін қолданғанын айтты
Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындамады. Ол анасының көлігін рұқсатсыз алғанын ғана растады. Ал қалған мән-жайлар, оның пікірінше, тым асыра көрсетілген. Айыпталушының сөзінше, пышақты алдын ала алып келмеген, оны көліктің қобдишасынан тауып, өзін қорғау үшін қалтасына салған.
«Қорқып кетіп, көліктің ішінен қорғануға болатын бірдеңе іздей бастадым. Қобдишаны ашқанда пышақты көріп, қорғану үшін қалтама салдым. Көлікке отырғалы жатқанда маған қарай шамамен 15 жігіттің жүгіріп келе жатқанын байқадым. Әлихан қолымнан ұстап алды, қалғандары жабылды. Өліп қаламын немесе мүгедек болып қаламын деп қорқып, пышақпен ұрдым», – деді сотталушы.
Сотта оның бұған дейін де заңмен мәселесі болғаны айтылды. Бір жыл бұрын жас жігіт Шалқардың тағы бір тұрғынын соққыға жыққаны үшін жауапқа тартылған. Алайда айыпталушы сол оқиғаның егжей-тегжейі есінде жоқ екенін мәлімдеді. Ол сот отырысында Әлиханның туыстарынан көпшілік алдында кешірім сұрап, оқушыны өлтіру ойы болмағанын айтты. Дегенмен іс материалдарына сәйкес, пышақ жарақатын салғаннан кейін оқиға орнынан қашып, техникалық қызмет көрсету станциясының ғимаратына жасырынған.
Енді сот сол түні болған оқиғаның мән-жайын анықтап, тараптардың уәжіне құқықтық баға беруге тиіс. Марқұмның туыстары айыпталушы қасақана әрі салқынқанды әрекет етті деп санап, оған ең қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр.