Ресеймен Курил аралдары үшін тірескен Жапония БҰҰ-дан әлем картасын өзгертуді талап етті
Жапония БҰҰ қабылдаған жаңа әлем картасын өзгертуді талап етті
Жапония Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы қолдаған жаңа әлем картасын түзетуді талап етті. Токионың наразылығына даулы Курил аралдарының картада Ресей аумағымен бір түсте белгіленуі себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Токио жаңа картаға неге қарсы шықты
Жаңа карта құрлықтардың нақты көлемін дәлірек көрсетуге мүмкіндік беретін Equal Earth картографиялық проекциясы негізінде жасалған. Бұл нұсқада Африка дәстүрлі Меркатор проекциясындағы картамен салыстырғанда ірілеу, ал Еуропа мен Солтүстік Америка кішірек көрінеді. Картаны қолдануға қатысты қарарды 164 мемлекет, соның ішінде Жапония да қолдаған. Алайда кейін жапон билігі картадағы Курил аралдарының белгіленуіне назар аударған. Жапония бұл аумақтарды «Солтүстік аумақтар» деп атайды әрі олардың төртеуі үшін Ресеймен таласып келеді.
Жапония министрлер кабинеті бас хатшысы Минору Кихараның айтуынша, картадағы кескін ел үкіметінің ресми ұстанымына қайшы келеді.
«Картада Жапония үкіметінің ұстанымына қайшы келетін кескін бар. Біз дипломатиялық арналар арқылы картографиялық сайт операторына наразылық білдіріп, оны түзетуді талап еттік», – деді ол.
Кихара Токионың аумақтардың тиесілігі мен географиялық атауларға қатысты «қате түсініктің» таралуына жол бермеуді маңызды деп санайтынын атап өтті.
Курил аралдарына қатысты дау неден басталды
Кеңес одағы даулы аралдарды 1945 жылы өз бақылауына алған. Кейін онда тұрған жапон халқы көшірілген. Жапония Итуруп, Кунашир, Шикотан аралдары мен Хабомаи аралдар тобын әлі күнге дейін өзінің аумағы деп есептейді. Мәскеу болса, Токионың бұл талаптарының заңды негізі жоқ деп санайды. Екі ел арасындағы қатынас Ресей президенті Владимир Путин тамыз айында даулы аралдарға алғаш рет барғаннан кейін қайта шиеленісті. Осы сапардан соң Жапония Ресей елшісін шақыртып, премьер-министр Санаэ Такаити Путиннің әрекетін «мүлде қабылдауға болмайтын» қадам деп атаған.
БҰҰ Бас ассамблеясы жаңа картаға қатысты қарарды қыркүйекте қабылдады. Африка елдері ұсынған құжат құрлықтардың көлемін нақтырақ көрсететін тең ауданды карталарды қолдануға үндейді. Әсіресе аумақтардың көлемін өзара салыстыру маңызды болған кезде Меркатор проекциясының орнына осындай карталарды пайдалану ұсынылған.
Қарарды 164 мемлекет қолдады. АҚШ қарсы дауыс беріп, тағы алты мемлекет қалыс қалған. Equal Earth проекциясында Африка айтарлықтай ірі, ал жоғары ендіктерде орналасқан Ресей, Канада және АҚШ секілді мемлекеттер дәстүрлі карталардағыдан кішірек көрінеді.