Қазақстанның күйреуін тілеген мұғалім жұмыстан шығарылды

Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың информатика пәні мұғалімі Жарқын Әбдікәрімов қызметінен кетті. Бұған дейін оның Қазақстанға экономикалық күйреу тілеген жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Даулы жазба қалай жарияланды
Жанжал Оқу-ағарту министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған жекеменшік білім беру ұйымдары лицензиясынан айырылуы мүмкін екені туралы мәлімдемесінен кейін басталған. Бұл талап оқушы қыздардың мектепке хиджаб киіп келуіне де қатысты еді. Осыдан кейін Жарқын Әбдікәрімов Threads желісінде Қазақстанның экономикалық күйреуін тілеп, елге «Алланың азабы керек» деген мазмұнда жазба жариялаған.
Педагогтің пікірі қоғамның қарсылығын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан оның сөзіне құқықтық баға беруді талап етті.
Кейін мұғалім жазбаны ашумен жазғанын және эмоцияға берілгенін айтып, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ол елін жақсы көретінін, өзін патриот санайтынын жеткізіп, даулы жазбасын өшіріп тастаған.
Еңбек шарты тоқтатылды
Оқиғадан кейін Қарағанды облысының білім басқармасы 10 қыркүйектен бастап педагогпен жасалған еңбек шарты тоқтатылғанын хабарлады.
“Жарқын Рахымұлы Әбдікәрімов өз еркімен жұмыстан шықты”, — делінген ведомство жауабында.
Бұған дейін Қарағанды облысының полиция департаменті әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға байланысты тексеру жүргізілгенін мәлімдеген.