Қаржаубай Нұрымовтың үйі өртенгенде қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

Ақпаратты Алматы облысының прокуратурасы хабарлады, деп жазады Tizgin.kz порталы Кazinform.kz басылымына сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, Қаржаубай Нұрымовтың үйіндегі өрт фактісі бойынша тергеу мерзімі қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (құқықтық көмек көрсету бойынша іс жүргізу әрекеттерін орындауға байланысты) тоқтатылған.
Былтыр 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кеткен еді. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырған. Ал биыл наурызда Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымованың отбасы баспанаға ие болған.
ҮКІМ
5 маусымда Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 9 айыпталушыға үкім оқылды. Ең жоғары жаза – 23 жыл. Сот “Адам өлтіру”, “Адам өлтіруге оқталу”, “Бұзақылық” баптары бойынша айыпталған Абзал Шынасылды 23 жыл түрмеге кесті.
Сот үкімі бойынша:
- Равиль Сакиев – 20 жыл;
- Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл;
- Шыңғыс Белғожаев – 7 жыл;
- Дархан Әскентай – 7 жыл;
- Нұрқияс Ілиясов – 9 жыл;
- Дидар Қалиахмет – 7 жыл;
- Нұрбол Тоқтаубаев – 7 жыл;
Сот кәмелетке толмаған Д.Ысқақты бір жыл 6 ай түрмеге кесті. Ол бүгін де бостандыққа шығып қойған.
Сот жәбірленушілердің моральдық және материалдық өтемақы өндіріп беру туралы өтінішін ішінара қанағаттандырды.
Үкім бойынша Шынасыл Абзалдан жәбірленушілерге – 60 млн теңге, Сакиевтен 30 млн теңге өндіріледі. Бұған қоса, ортақ тәртіппен қалған сотталушылардан (Д.Ысқақтан басқасы) 30 млн теңге өндіріледі. Сот қылмыстық іс бойынша куәгерлер Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыкелді, Арлан Қазакенов, Юлдаш Рузбакиевтың әрекеттерін тексеріп, оларға құқықтық баға беру жөнінде де жеке қаулы шығарды.