АЭС құрылысы: Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанға қандай мамандар қажет екенін айтты
Қазақстандағы АЭС құрылысына 10 мыңнан астам маман қажет болады

Қазақстанға алдағы 10-15 жылда атом электр станциясында жұмыс істейтін қызметкерлер ғана емес, ұлттық атом мектебін қалыптастыратын инженерлер, ғалымдар мен білікті басшылар қажет болады. АЭС құрылысы басталған кезде жобаға 10 мыңнан астам маман тартылмақ, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Тең жағдайдағы ядролық диалог: жастардың атом саласына қадам басуы» атты Ұлттық жастар форумында айтты.
Қазақстанға қандай мамандар қажет
Форум барысында атом энергетикасын дамытудың келешегі, отандық кадрларды даярлау, жаңа кәсіби бағыттар, АЭС құрылысы, қауіпсіздік пен экология мәселелері талқыланды. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстанның мақсаты – жастарды тек станцияда жұмыс істеуге даярлау емес. Елге бүкіл атом саласының дамуына үлес қоса алатын инженерлер, ғалымдар, оқытушылар мен басқарушылар керек.

Қазір мұндай мамандар отандық жетекші жоғары оқу орындарында энергетика, физика, инженерлік және тау-кен ісі бағыттары бойынша даярланып жатыр. 2000 жылдан бері осы салалардағы білім беру бағдарламаларын шамамен 4,5 мың маман тәмамдаған.
Студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына да басымдық беріліп отыр. Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты жастарға өндірістік практикадан және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Соңғы он жылда Ядролық физика институтының Астана филиалында ЕҰУ-дың 500-ден астам студенті тағылымдамадан өткен. Университеттің 100-ден астам түлегі бүгінде институт филиалында, Атом энергиясы жөніндегі агенттікте және басқа да салалық ұйымдарда еңбек етеді.

Жастарға халықаралық білім беру бағдарламалары да ұсынылады. Олар Ядролық зерттеулер жөніндегі бірлескен институттың жобаларына қатысып, Цинхуа университетіндегі TUNEM магистрлік бағдарламасы бойынша білім ала алады. Сонымен қатар Atomic Energy Scholarship стипендиясына үміткер болуға мүмкіндік бар.
«Болашақ» бағдарламасы аясында атом саласының қызметкерлеріне әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 20 стипендия бөлінеді.
АЭС құрылысы өңірге қалай әсер етеді
Атом энергетикасының дамуы еңбек нарығында жаңа мамандықтарға сұраныс қалыптастырады. Жабдықтарды пайдалану және жөндеу, ядролық және радиациялық қауіпсіздік мамандарымен қатар цифрлық технологиялар, робототехника, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және экологиялық мониторинг саласының қызметкерлері қажет болады. Сәтқалиевтің сөзінше, Үлкен ауылы маңындағы АЭС жобасын тек энергетикалық нысан ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның құрылысы тұтас өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беруі мүмкін.
Құрылыс кезеңінде 10 мыңнан астам маманға қажеттілік туындайды. Жобаны іске асыру тұрғын үйге, көлік пен логистикаға, құрылыс материалдарына, қызмет көрсету саласына және отандық кәсіпорындардың өнімдеріне қосымша сұраныс қалыптастырады. Форумда АЭС-тің қауіпсіздігі мен Балқаш көліне ықтимал әсері де сөз болды. Агенттік басшысы қауіпсіздік технологияны таңдаудан бастап станцияны пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде басты талап болатынын айтты.

Жоспар бойынша энергоблоктарды салқындатуға қажетті су тұйық цикл арқылы бірнеше рет пайдаланылады. Бұл технология су шығынын барынша азайтып, пайдаланылған судың Балқаш көліне тікелей төгілуіне жол бермеуге тиіс.
Сәтқалиев болашақта ядролық физика саласындағы іргелі білімін бағдарламалау, жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау дағдыларымен ұштастыра алатын мамандардың ерекше сұранысқа ие болатынын атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінгі студенттердің алдында жаңа салада жұмыс істеу ғана емес, Қазақстанның атом энергетикасын қалыптастыруға тікелей қатысу міндеті тұр.