Еуропада Ресейдің бұғатталған активтерін Украина қажетіне жұмсау мәселесі қайта көтерілді
Еуропарламенттің әртүрлі саяси фракцияларға кіретін 122 депутаты Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға қаржылай қолдау көрсету үшін пайдалану мәселесін қайта қарауға шақырды. Бастама Киев қорғаныс шығындарын өтеуге 23 млрд еуро жетпейтінін мәлімдеген тұста көтеріліп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Еуроодақта Ресейдің 200 млрд еуродан астам активі бар
Еуроодақ басшыларына жолданған хатта Ресей Украинадағы соғыс салдарынан келтірілген залал үшін қаржылық жауапкершілік арқалауға тиіс екені айтылған. Құжатқа қол қойған депутаттар тамыз айының соңында Еуроодақтың төрт мемлекеті қайта көтерген бастаманы қолдап отыр. Қазір Еуроодақ аумағында Ресейдің 200 млрд еуродан астам активі бұғатталған. Оның басым бөлігі Бельгияда сақтаулы.
Еуропалық комиссия былтыр желтоқсанда бұл қаражатты Украина қорғанысын қаржыландыруға арналған пайызсыз несиеге айналдыру жоспарын ұсынған. Алайда мүше мемлекеттер ықтимал құқықтық тәуекелдерге байланысты ортақ шешімге келе алмады. Соның салдарынан Брюссельдегі Еуроодақ көшбасшыларының саммитінде аталған жоспар қолдау таппай қалған еді.
Биыл Еуроодақ Украинаға 90 млрд еуро көлемінде несие бөлу туралы шешімді мақұлдады. Бірақ еуродепутаттардың пікірінше, бұл қаржы жеткіліксіз. Ресейдің әскери іс-қимылдарынан Украинаға келтірілген залалдың болжамды көлемі қазірдің өзінде 600 млрд еуродан асып кеткен.
Бельгия құқықтық тәуекелден қауіптенеді
Үндеуге Еуропалық халық партиясы, «Еуропаны жаңарту», социалистер мен демократтар, «Жасылдар» және Еуропалық еркін альянс, Еуропалық консерваторлар мен реформаторлар, сондай-ақ «Солшылдар» фракцияларының депутаттары қол қойған. Бастаманы либерал еуродепутаттар Карин Карлсбро, Натали Луазо және Петрас Ауштревичюс көтерді.
Хат Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенге, Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калласқа, экономика жөніндегі еурокомиссар Валдис Домбровскиске, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаға және Еуроодақ кеңесіне ротациялық тәртіппен төрағалық ететін Ирландия премьер-министрі Михол Мартинге жолданған.
Депутаттар Еурокомиссиядан бірқатар мемлекеттің, әсіресе Бельгияның қарсылығын еңсеретін жаңа ұсыныс әзірлеуді сұрады. Бельгия Ресей тарапынан ықтимал сот талаптарына тап болудан қауіптенеді. Себебі Ресей активтерінің негізгі бөлігі сақталған Euroclear депозитарийінің штаб-пәтері осы елде орналасқан. Италия, Болгария және Мальта да құқықтық тәуекелдерге қатысты алаңдаушылық білдірген.
Еуродепутаттар активтерді Ресейдің Орталық банкі алдындағы құқықтық міндеттемелерді өз мойнына алатын Еуроодақтың жаңа қаржы құралына өткізуді ұсынып отыр. Олардың пайымдауынша, бұл тетік Украинаға қаржылай қолдау көрсетумен қатар, Мәскеуге жасалып отырған экономикалық қысымды сақтауға мүмкіндік береді. «Ресей өзінің басқыншылық соғысының қаржылық салдарына жауап беруге тиіс» делінген хатта.