$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарҚоғам

Құрылтай депутаты қандай жағдайда айлығынан қағылады

Құрылтай депутаттарын қандай жағдайларда жалақысынан айыруы мүмкін екенін депутат Дания Еспаева айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Негізсіз ескерту айтылмауы тиіс

Брифинг барысында депутат ол әдеп нормаларын бұзу болып саналатын жағдайларға тоқталды. Айтуынша, мұндай әрекеттердің бірі – сөз сөйлеп тұрған депутатқа негізсіз ескерту жасау. Мәселен, депутат өз сөзінде әріптестерін немесе басқа адамдарды балағаттап, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі керек.

«Екінші мәселе – депутаттық әдеп талаптары депутаттың тек жұмыс топтарының отырыстары мен Құрылтай жұмысы кезінде ғана емес, одан тыс уақытта да сақталуын көздейді. Яғни депутат жоғары моральдық ұстанымдарға сай болуы керек және оған қойылатын талап та жоғары. Сондықтан депутат жұмыс орнында немесе Құрылтайдан тыс жерде болса да, оған іскерлік әдеп нормалары қолданылады», – деді Еспаева.

Сондай-ақ депутат өз сөздері мен жауаптарында тек тексерілген әрі шынайы ақпарат ұсынуға тиіс екендерін жеткізді.

Қандай жаза қолданылуы мүмкін

Депутаттық әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету үшін Құрылтай жанынан арнайы кеңес құрылды. Ол депутаттарға қатысты келіп түскен өтініштерді қарайды.

Регламентке сәйкес, әдеп кодексін бұзған депутатқа мынадай тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін:

  • сөгіс жариялау;
  • жария түрде кешірім сұрауға міндеттеу;
  • бір отырыс барысында сөз сөйлеу құқығынан айыру;
  • үш отырыс барысында сөз сөйлеу құқығынан айыру;
  • бір отырыс уақытында отырыс залынан шығару;
  • үш отырыс уақытында отырыс залынан шығару;
  • бір күндік жалақысынан айыру.

Құжатқа сәйкес, депутат Құрылтайдың, оның үйлестіруші және жұмыс органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаған жағдайда, оған жұмысқа келмеген күндері үшін жалақы төленбейді.

Ал депутат бір айдан астам уақыт жұмыс орнында болмаса, оған:

  • жалақы төлеуден;
  • көлікке арналған жол жүру құжаттарын кезектен тыс сатып алудан;
  • іссапарға жіберуден;
  • іссапар шығындарын өтеуден;
  • автокөлік қызметін көрсетуден;
  • емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызмет көрсетуден бас тартылады.
Back to top button