Ұлттық банк бөліп төлеу нарығын реттеу үшін борыштың бұл түрін азаматтардың несие тарихында есепке алу мүмкіндіктерін талқыламақшы. Ұсыныс қабылданса, банкке несие алу үшін жүгінген адамның мойнында қандай «рассрочкалар» дер бар екені көрініп тұрады деген сөз, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Осы нарықтың ойыншыларын пікіртерімге шақырған құжатта мұндай қажеттілік қайдан туындағаны қысқаша айтылған. Ұлттық банктің дерегінше, 2025 жылғы 1 тамызда Қазақстанда 4,9 млн адам бөліп төлеу тәсілін (рассрочка) пайдаланған. Бұл банк секторындағы бөлшек қарыз алушылардың 63%-ына тең. Ал бөліп төлеу бойынша берешек тұтынушылық қарыздың 19%-ын алып отыр.
Бөліп төлеу нарығы соңғы жылдары айтарлықтай өскен. 2022 жылғы 1 сәуірде оның тұтынушылық кредиттердегі үлесі 14,7% болса, 2024 жылы 21,1%-ға дейін жетіп, жалпы сомасы 2,44 трлн теңге болған. 2025 жылғы 1 тамызда бұл үлес 19% болды.
Ұлттық банктің есебіне сәйкес, бөліп төлейтін қарыз алушылардың 90%-ының берешегі 1,25 млн теңгеден аспайды. Ал 10%-ының берешегі бұл сомадан жоғары.
Ең маңыздысы, бөліп төлейтін берешегі бар адамдардың басқа тұтыну кредиттері де көп болып отыр. Ұлттық банк мойнында тұтыну несиесі бар адамдарды екіге бөліп зерттеген. Бөліп төлейтін қарызы бар қазақстандықтардың бір басында орта есеппен 3,66 басқа тұтыну несиесі бар болған. Ал ешқандай «рассрочкасы» жоқ, бірақ тұтыну несиесін алған қазақстандықтардың бір басында орта есеппен 2,33 қарыздан келеді. Төлеу мерзімі 90 күннен кешіккен берешектердің ішіндегі бөліп төлеу қарыздарының үлесі 5,87% болған.
2026 жылдың 7 айында елдегі банктер халыққа шамамен 8,9 трлн теңге тұтыну кредитін берген. Тек маусым айында ғана 1,53 трлн теңге берілген. Ал халықтың тұтыну кредиттері бойынша жалпы берешегі жыл басындағы 16,66 трлн теңге болса, 1 тамызда 17,43 трлн теңгеге дейін өскен. Оның ішінде мерзімі өткен тұтынушылық кредиттер де ұлғайып, 887,7 млрд теңгеден 1,06 трлн теңгеге жеткен.
Ұлттық банк жариялаған жаңа пікірталас құжатында қазір бөліп төлеу берешектерін банктер мен микроқаржы ұйымдары ғана емес, BNPL сервистері мен сауда орындары да ұсынып отырғаны айтылған. Сондай-ақ «ақысын кейін төлеуге болатын жалдау» сияқты схемалар да бар. Ұлттық банктің алаңдайтыны – мұндай міндеттемелердің көбі несие тарихында ретінде есепке алынбайды. Соның салдарынан адамның қанша қарызы бар екенін толық бағалау қиындайды. Салдарынан азаматтардың жалпы қарыз жүктемесі банктерге толық көрінбей, мойнындағы қарызы көбейе түсуі мүмкін. Әзірге бұл – түпкілікті шешім емес.
Ұлттық банк құжат бойынша ұсыныстарды 2026 жылғы 3 қарашаға дейін қабылдайды. Әзірге реттеуші орган бөліп төлейтін берешектерді қалай есепке алып, қалай реттеу керектігін нарық ойыншыларынан пікір жинау арқылы талқылауға көшті.