Депутат сапасыз бензиннен сан соққан азаматтарды қорғау тетігін қалыптастыруды ұсынды
Депутат Асхат Рахымжановтың сөзінше, жанармай сапасы бойынша ашық мемлекеттік тізілім құру қажет, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Отбасы бюджетіне салмақ»
Ол бұл туралы Құрылтай отырысында Премьер-министрге сауал жолдағанда айтты. Сөзінше, соңғы уақытта АИ-95 пен АИ-98 маркалы автомобиль бензині сапасының нашарлауына байланысты азаматтардың шағымы көбейген.
«Жанармай құйған соң көліктер тұрақсыз жұмыс істейді. Оталдыру білтелері, катализаторлар мен басқа да қымбат торап істен шығады. Кейбір көлік иелері жөндеуге 200-ден 600 мың теңгеге дейін қаржы жұмсауға мәжбүр. Көптеген отбасы үшін бұл отбасы бюджетіне біршама салмақ салады», – деді ол.
Сапасыз жанармай үлесі әлі көп пе
Депутат Техникалық реттеу және метрология комитеті осы жылы жүргізілген бақылау сатып алулары барысында бензинді тікелей алмастыру фактілері анықталғанын мәлімдегенін еске салды.
«Алматыда АИ-100 бензині ретінде құрамындағы күкірт мөлшері нормадан үш еседен астам жоғары өнім, ал Қызылорда облысында АИ-95 маркасы орнына кәдімгі АИ-92 бензині сатылған. Бұл бір-екі мысал емес. Тексеру қорытындыларына сәйкес сапасыз жанар-жағармай материалдарының үлесі әлі де көп, – деді Рахымжанов.
Депутат ұсынысы
Осыған орай Құрылтай депутаты мынадай ұсыныстар берді:
– мұнай өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту, оның ішінде жанармай құю станциялары мен мұнай базаларынан алдын ала ескертусіз, күтпеген жерден сынама алуға құқық беру, сондай-ақ міндетті зертханалық сараптамамен қатар жүретін тұрақты бақылау сатып алуларын жүргізу;
– тексерулердің нәтижелері көрсетілетін жанармай сапасы бойынша ашық мемлекеттік тізілім құру;
– тек соңғы сатушыны жазалаумен шектелмей, жеткізу тізбегіндегі нақты кінәлі буынның жеке жауапкершілігін белгілеу;
– ӘҚБтК-нің 281-бабы бойынша құқық қолдану тәжірибесін талдап, кондицияға сай келмейтін отынды өткізу және айналымға шығару үшін жауапкершілікті мөлшерлес түрде күшейту, оның ішінде мұндай партияларды айналымнан міндетті түрде алып қоюды қарастыру;
– зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты тетігін қалыптастыру: себеп-салдарға байланысты дәлелдеуді жеңілдету және диагностика мен жөндеу шығындарын өтеу мүмкіндігін қарастыру, кейіннен бұл сомаларды жеткізу тізбегіндегі кінәлі қатысушыдан өндіріп алу.