TOP-2Оқиға

Анам мен балаларымның алдында кінәлімін – Ұлдана Мырзуан ісіндегі сотталушы

Фельдшер Ұлдана Мырзуан ісіндегі сотталушы Сәуле Жұбаниязова қайғылы оқиғада еш кінәсі жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова соттан істің ақ-қарасын ажыратуды, өзін ақтауды сұрады.

«Менің осы қайғылы жағдайда кінәм жоқ. Тек мүлік иелері бірлестігінің төрағалығын алғаным үшін анам мен балаларымның алдында ғана кінәлімін. Өйткені, мен өз балаларыма қажетпін. Сондықтан, құрметті сот, осы барлық жағдайды ескере отырып, үкім шығаруыңызды сұраймын», – деді Сәуле Жұбаниязова.

Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова қылмыстық кодекстің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша айыпталып отыр.

Ұлдана Мырзуан ісі

Еске салсақ, 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиген. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алған.

Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды. 

Сондай-ақ құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева Ұлдана Мырзуан ісінде айтылған ғимараттан анықталған ақаулар туралы баяндады.

Back to top button