TOP-2Пікір

Майя Бекбаева: «Ашаршылықты жоққа шығару – қаза болғандарды қорлау»

Журналист Майя Бекбаева You Tube арнасындағы бағдарламада «Қазақстанда ашаршылық болған жоқ. Қазақ халқы миллиондап қырылмаған» деген мағлұмат айтылғанын және ол пікірмен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қазақ халқының үштен бірінен айырылдық»

«Өткен аптада You Tube арналардың бірінде «Қазақстанда ашаршылық болған жоқ» деген сөз айтылды. Бұл пікір көп қазақстандықтың намысына тиді. Расымен де, ашаршылықты жоққа шығару – тарихымыздағы ең қиын кезеңде қаза болғандарды қорлау деп ойлаймын. Мен, әрине, ашаршылық құрбандарының дәл саны туралы дауласа алмаймын, бірақ халық жаппай қырылғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл – дауласуға болмайтын дерек. Жоқ дегенде сол кездегі қазақ халқының үштен бірінен айырылдық. Бұл трагедия егін шықпай қалу, құрғақшылық салдарынан болған жоқ. Басты себеп – Сталиннің ұжымдастыру саясаты. Бұл – малды тартып алу, отырықшылыққа ауыстыру, шектен тыс мемлекеттік қысым», – дейді Мая Бекбаева.

«Адамдар аулада өліп жатқан»

Ол осы пікірді айтқан You Tube арнасының авторына емес, елінің шынайы тарихын біліп, нақты дерекке сүйенгісі келетіндерге қазақстандық жазушы Азиза Ахданның «Непокоренные» кітабын оқуды ұсынды.

«Бұл – көркем туынды. Бұл кітапта ашаршылық жылдары қазақтардың басынан не өткені жазылған. Бұл – махаббат, сынақтар туралы кітап. Бұл кітапта мұрағаттан алынған құжаттар жинағы бар. Бұл құжаттар ашаршылық кезеңінде не болғанын құжат түрінде дәлелдеп береді. Бұл кітапты оқу ауыр болды. Мысалы, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының жағдайы туралы: «адамдар аулада, үйлердің шатырында өлі күйде жатыр. Кейбір үйлерде адамдар мәйіттермен бірге ұйықтап жатыр» деп жазылған. Тағы бір мысал, «Қарауылтөбе колхозының №6 ауылындағы Қуандықов отбасында 3 адам, Бұқаев отбасында 8 адам, Қадыров отбасында 8 адам, Жылқыбаев отбасында 8 адам, Тойшыбеков отбасында 6 адам бақилық болды. Осындай жағдай жағдай әрбір отбасында болып жатыр» деп жазылған. Осындай әрбір санның артында әлдебір адамның қиылған өмірі жатыр. Бұл кітапта ашаршылық салдарынан адам адамның етін жегені туралы оқиғалар да бар», – дейді ол.

«Ұрпақты шарасыздық сезімімен тәрбиелемеуіміз керек»

Майя Бекбаева осы кітапты оқып, бала-шағамызға тарихымыз туралы айтып беруіміз керектігін айтты.

«Бұл оқиғалар халқымызды зұлым елге айналдырып жібермегенін де айтуымыз керек. Қазақ халқы Кеңес Одағы кезінде біздің елге жер аударылған әрбір халық өкілін шын жүректен қабылдап, соңғы нанын бөлісіп жеген. Осы тұста Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарымыз ашу-ызамен, шарасыздық сезімімен тәрбиеленбеуі керек деген пікірімен келісетінімді айтқым келеді. Ата-бабаларымыз осындай оқиғалар болса да сынып кетпеген, бізге де сынып кетуге болмайды», – дейді журналист.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button