«Ата-аналардан кешірім сұраймыз»: Қарағандыда колледжге түскендер гранттан қағылды
Қарағандыда колледжге грантқа түсе алмай қалған талапкерлердің ата-аналары наразылық білдірді. Оларға балаларға колледжге грант негізінде оқуға түсуге болатыны алдын ала айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Грант бөлінбегенін қыркүйекте білген
Дегенмен қыркүйек айында таңдаған мамандықтарына грант бөлінбегені белгілі болған. Аталған мәліметпен «31 арна» бөлісті. Мәлім болғандай, Оксана Матвееваның қызы 9-сыныпты тәмамдаған. Мұғалім оған техник-бағалаушы мамандығына түсуге кеңес беріпті. Колледж жарнамасында талапкерлердің қабылдау емтиханынсыз оқуға түсетіні және шәкіртақы алатыны жазылған.
Маусым айында отбасы грантқа қажетті құжаттарды тапсырған. Колледж өкілдерінің талапкерлерді 25 тамызда жинайтынын айтыпты. Алайда белгіленген күні де, кейін де ата-аналарға нақты ақпарат берілмеді. Грант бөлінбегенін олар тек 4 қыркүйекте білген.
«25 маусым күні барлық құрылтайшыны басқармаға жинаған екен. Сол жерде мұндай мамандықтарға грант болмайтыны айтылыпты. Яғни біздің мамандықтарымыз грантқа да, есепке алу мен аудитке де бөлінетін мемлекеттік тапсырысқа енбеген. Олар мұны әу баста білді. Бірақ неге екенін білмеймін, бізге бұл туралы ешкім хабарламады», – дейді Оксана Матвеева.
Ата-ананың айтуынша, егер бұл ақпарат алдын ала белгілі болғанда, қызы басқа мамандыққа грант негізінде оқуға түсіп үлгерер еді.
Колледж өкілдері не дейді
Букенов атындағы жоғары колледж өкілдері айтуынша, аталған мамандықтар бастапқыда мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінетін мамандықтар тізіміне енгізілген. Алайда тамыз айына қарай кейбір мамандықтарға грант тек белгілі бір тілде білім алатын топтарға ғана бөлінетіні анықталған. Нәтижесінде 100 талапкер грантсыз қалса, тағы 69 талапкердің грант алу мүмкіндігі әзірге белгісіз.
«Қабылдау комиссиясында талапкерлердің барлығын конкурсқа қатыстыруға мүмкіндік болады деп соңғы сәтке дейін үміттендік. Алайда ақпараттық база жабылғаннан кейін оларды жүйеге енгізу мүмкін болмады. Қазір ата-аналардан кешірім сұрап отырмыз. Мұнда біздің де қателігіміз болғанын түсінеміз», – деді Қарағанды жоғары колледжінің директоры Нәдия Спанова.
Гранттан қағылғандар арасында оқу озаттары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және қорғаншылықтағы жасөспірімдер де бар.
Жеңілдік қарастырылды
Колледж басшылығы оларға ақылы негізде оқуын жалғастыруды ұсынып отыр. Ол үшін оқу ақысына 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Ал Қарағанды облысының білім басқармасы биыл мемлекеттік гранттар саны өткен жылмен салыстырғанда артқанын мәлімдеді. Алайда қосымша гранттар негізінен жұмысшы мамандықтарына бөлінген.
Басқарма өкілдері мемлекеттік білім беру тапсырысы туралы ақпарат OQU платформасында жарияланғанын алға тартты. Талапкерлерде құжаттарын сол жүйе арқылы онлайн тапсыруға мүмкіндік болған көрінеді.
«Биыл бізге сұранысы жоғары мамандықтарды барынша қамту міндеті қойылды. Әсіресе өнеркәсіп саласы мен қазір облысқа аса қажет бағыттарға басымдық берілді», – деді Қарағанды облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.