$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2

Қазақстанда баспана ең қымбат және ең арзан қалалар тізімі қандай

Қазақстан қалаларындағы пәтер бағасының айырмасы бірнеше есеге жетті. Алматы баспана ең қымбат қала болып қалса, Қызылорда мен Жезқазғанда үй бағасы айтарлықтай арзан, деп хабарлайды Tizgin.kz баспана нарығын шолып шыққан Krisha.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы мен Астана көш бастап тұр

Алматыда бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 26,5 млн теңгеге жеткен. Екі бөлмелі баспана – 40 млн, ал үш бөлмелі пәтер 57 млн теңге тұрады.

Екінші орында – Астана. Елордада бір бөлмелі пәтер орта есеппен 23 млн, екі бөлмелі үй 34 млн теңгеге бағаланған. Үш бөлмелі пәтер сатып алу үшін 52 млн теңге қажет.

Баспана бағасы жоғары қалалардың қатарына Шымкент, Атырау және Қостанай да кірді. Шымкентте бір бөлмелі пәтер – 17,8 млн, екі бөлмелі пәтер – 25 млн, үш бөлмелі баспана 33 млн теңге тұрады.

Атыраудағы баға тиісінше 16 млн, 25 млн және 30 млн теңге болса, Қостанайда 17 млн, 24 млн және 30 млн теңгені құрайды.

Қалалардағы пәтер бағасы мынадай:

Инфокесте: AI

Ең арзан пәтерлер қай қалаларда

Қазақстандағы ең қолжетімді баспана Қызылорда мен Жезқазғанда сатылып жатыр. Қызылордада бір бөлмелі пәтер – 8 млн, екі бөлмелі пәтер – 14 млн, ал үш бөлмелі үй 18 млн теңге тұрады. Жезқазғанда бір бөлмелі пәтер 9,5 млн теңгеге бағаланса, екі бөлмелі баспана – 13 млн, үш бөлмелі пәтер 21 млн теңгеге ұсынылған. Тараз да салыстырмалы түрде арзан қалалардың қатарында: мұнда пәтер бағасы бөлме санына қарай 9,8 млн теңгеден 22 млн теңгеге дейін барады.

Қалалар арасындағы айырма бірнеше есеге жеткен. Мәселен, Алматыдағы бір бөлмелі пәтердің құнына Қызылордадан үш бір бөлмелі пәтер алуға болады. Алматыдағы бір екі бөлмелі пәтер Жезқазғандағы осындай үш баспананың бағасына жуық. Ал Астанадағы үш бөлмелі үйдің құны Қызылордадағы үш үш бөлмелі пәтердің бағасымен шамалас.

Жыл басынан бері Қазақстандағы пәтер бағасы орта есеппен 2 пайызға өскен. Кейбір қалаларда қымбаттау деңгейі 8 пайыздан асып отыр. Ал Алматыда керісінше үрдіс байқалған: сегіз айда баспана бағасы 1,4 пайызға төмендеген.

Back to top button