$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Өзбекстан екінші АЭС-ті Қытайға салдырғалы отыр

Өзбекстан бір мезетте екі атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бірінші жоба Ресеймен, екіншісі Қытаймен бірлесе іске асырылмақ. Бұл туралы Сербия президенті Александр Вучич Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен болған жеке әңгімесіне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Электр энергиясына сұраныс күрт өсуі мүмкін

Александр Вучич бұл мәлімдемені 8 қыркүйекте Белградта өткен Өзбекстан-Сербия бизнес-форумында жасады. Оның айтуынша, екі атом жобасы туралы Шавкат Мирзиёев жеке кездесуде айтқан.

«Бүгін таңертең президент Мирзиёевпен оңаша сөйлескен кезде осы мәселені сұрадым. Ол маған: “Бір атом станциясын ресейліктермен, екіншісін қытайлықтармен салып жатырмыз. Бірақ бұл маған жеткіліксіз. Осы жобаларды аяқтамай тұрып-ақ, ары қарай құрылыс жүргізіп, жұмысты жалғастыра беремін” деді», – деп жеткізді Вучич.

Сербия президентінің сөзінше, Өзбекстан билігі болашақта электр энергиясына деген сұраныстың айтарлықтай өсетінін алдын ала есептеп отыр. Қосымша қуат дата-орталықтардың, жасанды интеллект технологияларының, инновациялық жобалар мен электр көліктерінің дамуына қажет болмақ.

Вучич Мирзиёевтің жобаның тиімді бағасына қол жеткізу үшін келіссөз жүргізгенін және елдің алдағы энергетикалық қажеттілігін ескеріп отырғанын атап өтті. Ол Өзбекстанның бұл ұстанымын Еуропадағы жағдаймен салыстырып, бірқатар еуропалық ел жаңа энергетикалық қуаттарды дамытуға жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын айтты.

Бірінші АЭС-тің қуаты 2110 мегаватт болады

Шавкат Мирзиёев бұған дейін Өзбекстанда екінші АЭС жобасы бойынша ауқымды дайындық жүріп жатқанын мәлімдеген. Алайда серіктес елдің атауы ресми түрде жарияланбаған еді. Екінші станцияның қай жерде салынатыны, оның қуаты, құны және іске қосылатын мерзімі де әзірге белгісіз. Ал Ресейдің қатысуымен салынатын алғашқы АЭС Жизақ облысының Фариш ауданында бой көтереді. Жоба төрт энергоблоктан тұрады: әрқайсысының қуаты 1 гигаватт болатын екі ВВЭР-1000 реакторы және қуаты 55 мегаваттан екі РИТМ-200Н шағын модульдік реакторы салынады.

Бірінші шағын реакторды 2029 жылғы қазан-қараша айларында техникалық іске қосу жоспарланған. Екіншісі алты айдан кейін жұмысын бастауы тиіс. Ал алғашқы ірі энергоблокты 2033 жылы іске қосып, бүкіл жобаны 2034–2035 жылдары аяқтау көзделіп отыр.

Станцияның жалпы қуаты 2110 мегаватты құрап, жылына 17 млрд киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді деп күтіледі. Жобаның бастапқы құны 9,5 млрд доллардан аспайды.

Ал Қытаймен салынуы мүмкін екінші АЭС-тің серіктесі, техникалық құрылымы мен болжамды құны туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Back to top button