$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Трамп пен Путин бір сағат сөйлесті: негізгі тақырып – Украинадағы соғыс

Трамп пен Путин Украинадағы соғысты телефон арқылы талқылады

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Бір сағатқа созылған әңгімеде Украинадағы соғысты тоқтату жолдары және АҚШ өкілдерінің Мәскеу мен Киевке сапары талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Уиткофф пен Кушнердің сапары сөз болды

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, әңгіме «сындарлы әрі ашық» өткен. Мемлекет басшылары Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнердің Мәскеу мен Киевте өткізген келіссөздері жөнінде пікір алмасқан.

Ушаковтың мәлімдеуінше, Путин Трампқа майдандағы жағдайға қатысты өз бағасын жеткізген. Ал АҚШ президенті соғысты мүмкіндігінше тез аяқтауға мүдделі екенін айтқан. Трамптың пікірінше, қақтығыстың тоқтауы АҚШ пен Ресей арасындағы байланысты, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Путин бұл ұстанымды қолдаған.

Путин Еуропаға қатысты мәлімдеме жасады

Телефон әңгімесі кезінде Путин Ресейдің Еуропа елдеріне қарсы агрессиялық жоспары жоқ екенін айтқан.

«Ресейдің Еуропа мемлекеттеріне қарсы дұшпандық ниеті бар деген болжамдарға байланысты біздің Еуропаға қатысты ешқандай агрессиялық жоспарымыз жоқ екені атап өтілді», – деді Юрий Ушаков.

Ресей президенті Мелания Трамптың ресейлік және украиналық балаларды отбасыларына қайтаруға бағытталған жұмысын да атап өткен. Сондай-ақ ол АҚШ-тың араағайындық әрекеттеріне оң баға берген.

Әңгіме қорытындысында Трамп пен Путин байланыста болып, қажет болған жағдайда жедел сөйлесуге уағдаласқан. Әзірге Ақ үй телефон келіссөзіне қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Back to top button