$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарОқиға

Алматыда 4 жасқа толмаған баланың ішегінен 59 магнит алынды

Алматыда балалардың магнитті шариктерді жұтып қою жағдайы әлі де тіркеліп жатыр.

Жыл басынан бері осындай жағдаймен Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 15 бала жеткізілген. Бір ғана кезекшілік кезінде үш балаға шұғыл ота жасауға тура келген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

25 магнит жұтып қойған

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алғашқы науқас – 2 жастағы бала. Ол ауруханаға ішінің ауырсынуына байланысты жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер оның ағзасынан бөгде заттарды анықтады. Шұғыл жасалған ота кезінде хирургтер баланың ағзасынан 25 магнит алды.

9 магнит жұтып қойған

Арада бірнеше сағат өткенде қабылдау бөліміне 2,5 жастағы тағы бір бала жеткізілді. Ол құсу мен ішінің ауырсынуына шағымданған. Тексеруден кейін дәрігерлер оған да шұғыл ота жасап, ағзасынан 9 магнит алып шықты. Отадан кейін бала 10 күн стационарда ем қабылдады.

59 магнит жұтып қойған

«Үшінші бала сол кезекшілік кезінде таңға жуық, кезекшілік аяқталар тұста түсті. Жасы 4-ке де толмаған. Іші қатты ауырып, әлсіздік пен құсу белгілері байқалды. Тексеру барысында асқазан-ішек жолынан көптеген бөгде зат анықталды. Баланың аш ішегінен 59 магнит алып шыққан кезде мұндай жағдай дәрігерлердің өзін таңғалдырды. Медициналық көмекке жүгінген сәтте қауіпті заттар аш ішектің қабырғасын тесіп үлгерген. Бұл 1 тамыздағы кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі оталардың бірі болды», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

Жыл басынан бері 15 бала магнит жұтып қойған

Дәрігерлердің мәліметінше, жыл басынан бері орталыққа магнит жұтып қойған 15 бала жеткізілген. Мұндай жағдай аса қауіпті. Өйткені, бірнеше магнит ағза ішінде бір-біріне тартылып, ішкі ағзаларды зақымдап, ауыр асқынуға әкелуі мүмкін.

Дәрігерлер ата-аналарды магнитті шариктер мен осыған ұқсас ойыншықтарды кішкентай балалардың қолы жететін жерге қоймауға шақырады. Сондай-ақ, балалардың қандай заттармен ойнап жүргенін үнемі қадағалау қажеттігін ескертеді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button