Қазақстанда банк басшылары қанша сыйақы алады
Елдегі кей банктерде атқарушы орган мүшелеріне төленетін орташа сыйақы айына 64 млн теңгеге дейін жетеді. 2025 жылдың қорытындысында алты банк басшылығына төленген жиынтық сыйақы көлемі 1 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Finprom.kz дерегіне сүйеніп.
Бұл ретте 64 млн теңге нақты бір басшының ресми айлығы емес. Finprom.kz көрсеткішті банк жариялаған жылдық жиынтық сыйақыны атқарушы орган мүшелерінің санына бөлу арқылы есептеген. Сондықтан бір банктің өзінде топ-менеджерлердің нақты алған сомасы әртүрлі болуы мүмкін.
Көш басында қай банк
2025 жылы басшылыққа төленген жиынтық сыйақы көлемі бойынша Halyk Bank бірінші орында тұр – 4,47 млрд теңге. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,06 млрд теңге болған.
Одан кейін Bank RBK келеді. Банк атқарушы орган мүшелеріне жалпы 3,85 млрд теңге төлеген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,3 млрд теңге еді.
ForteBank-те керісінше айтарлықтай төмендеу байқалған. 2024 жылы басшылыққа 3,97 млрд теңге төленсе, былтыр сома 1,86 млрд теңгеге дейін қысқарған.
Миллиард теңгелік межеден Еуразиялық Банк те асты – 1,69 млрд теңге. Home Credit Bank басшыларына 1,32 млрд теңге, Altyn Bank-те 1,28 млрд теңге төленген.
Банк ЦентрКредитте жиынтық сыйақы 972,3 млн теңгені, Bereke Bank-те – 923,4 млн, KMF-те – 833,2 млн, Alatau City Bank-те 744,3 млн теңгені құрады. теңгені құрады.
Жалпы ұсынылған банктердің басым бөлігінде басшылыққа төленген сыйақы бір жылда өскен. Төрт қаржы институтында ғана төмендеу тіркелген. Ірі банктер арасында ең елеулі қысқару ForteBank-те байқалды.
Бір басшыға – жылына 770 млн теңге
Банктерді өзара салыстыру үшін Finprom.kz жиынтық сыйақыны 2025 жылдың қорытындысындағы атқарушы орган мүшелерінің санына бөлген.
Осы есеп бойынша ең жоғары орташа көрсеткіш Bank RBK-де – бір адамға жылына 770,1 млн теңге немесе айына шамамен 64 млн теңге.
Halyk Bank-те атқарушы органның он мүшесіне шаққандағы орташа көрсеткіш 446,5 млн теңгені құрады. Home Credit Bank-те – 329,5 млн, Еуразиялық Банкте – 241,3 млн, Altyn Bank-те – 212,7 млн, ForteBank-те 154,7 млн теңге.
Банк ЦентрКредитте бір басшыға шаққандағы есептік орташа сыйақы – 243,1 млн теңге, KMF-те – 208,3 млн, Bereke Bank-те – 153,9 млн, Alatau City Bank-те 124,1 млн теңге.
Ал кестедегі ең төмен көрсеткіштер ICBC, Bank of China және KZI Bank-те тіркелген: тиісінше 21,6 млн, 25,1 млн және 31,8 млн теңге.