$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстанда бес дәрілік препараттың тіркеуі кері қайтарылды

Қазақстанда бес дәрілік препараттың тіркеу куәлігі кері қайтарылды. Олардың қатарында қант диабетін, шашыраңқы склерозды және псориазды емдеуге арналған дәрілер бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тіркеуден қандай дәрілер шығарылды

3 қыркүйекте Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы бес дәрілік препараттың тіркеу куәлігін кері қайтарып алу туралы бұйрықтарға қол қойды.

Тіркеуі тоқтатылған препараттар:

  • «Окситоцин-Рихтер» – 5 ХБ/мл ерітіндісі. Босану кезінде жатырдың жиырылуын ынталандыратын окситоцин гормонының негізіндегі препарат.
  • «Авонекс» – бұлшықет ішіне енгізуге арналған 30 мкг/0,5 мл ерітінді. Негізінен шашыраңқы склерозды емдеуге қолданылатын иммуномодуляциялық дәрі.
  • «Тайсабри» – 300 мг/15 мл инфузияға арналған концентрат. Иммундық жүйеге әсер ететін, шашыраңқы склерозды емдеуге арналған биологиялық препарат.
  • «Ксамиол» – 15 және 30 граммдық гель. Псориазды емдеуге арналған сыртқа қолданылатын дәрілік құрал.
  • «Гликлада СР» – 60 мг модификацияланған босап шығатын таблеткалар. 2-типті қант диабетін емдеуге арналған қант деңгейін төмендететін препарат.

Тіркеу куәліктері неге кері қайтарылды

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, тіркеу куәліктері олардың иелері немесе уәкілетті өкілдерінің өз еркімен берген өтініштері негізінде кері қайтарылған.

Бұл шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылданған.

Бұған дейін әкелінген дәрілерді қолдануға бола ма

Ведомствоның түсіндіруінше, тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстанға әкелінген немесе ел ішінде өндірілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әрі қарай қолдануға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қажет болған жағдайда дәрілік препараттарды немесе медициналық бұйымдарды қолдануға, сатуға немесе өндіруге тыйым салуға, олардың айналымнан алынуын не қолданылуын шектеуге құқылы.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне қайта енгізу жұмыстарын жалғастырып жатқаны туралы жаздық.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button