
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылында 11-ші сыныпты биыл бітіргелі отырған Сағындық Құрмания кісі қолынан биыл сәуірде кеткен. Оны өлтірді деген айыппен өз ауылдасы – жасы үлкен бір адам сотталушы ретінде танылған еді. Бүгін сот үкімімен ол 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Tizgin.kz порталына сотталушының 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын Сағындықтың туысы хабарлады.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Сағындықтың анасы Айтбике Дербісованың айтуынша, қылмыс биыл сәуірдің 8-нен 9-на қараған түні болған. Сөзінше, Сағындық пен оның сыныптастарын ауылдың үлкен жігіттері шақырып алып, «қораны неге дұрыс тазаламайсыңдар? Тыңдамайсыңдар» деп ұра бастаған. Соққының бірі Сағындыққа тиген кезде ол сол жерге сұлап түсіп, талып қалған. Жас балалар алғашқы медициналық көмекті жасауға тырысқан кезде оны құтқара алмапты.
Резонансты іс бойынша қазірге дейін Маңғыстау ауданында бірнеше сот отырысы өткен. Айтбике Дербісова сотқа дейінгі тексеру барысында құқық қорғау органдары істі дұрыс жүргізбеген деп есептейді. Көз жұмған баланың әке-шешесі бір ғана сотталушының сотталғанына наразы. Айтбике баласын өлтіруге жол беріп, сол жерде қарап тұрғандардың бәрін де жазаға тарту керек деп есептейді. Олардың қылмысты хабарламағанына назар аудартады.